ОҚМУ-да «Жаңа өмірге жаңа қадам» тұсаукесер кеші өтті

583
Студенттер

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да «Жаңа өмірге жаңа қадам» атты І курс студенттерін қабылдау мерекелік шарасы болып өтті. Білім ордасының ұстаздары мен жоғары курс студенттері қатарға енді қосылған шәкірттерге тұсаукесер кешін ұйымдастырып, студенттік билеттерін табыстады.

Бұл шара 3-4 курс студенттерінің бірлескен шағын флешмобынан басталып, жайдарман ойындарынa жалғасты. Сондай-ақ, Қазақ хандығына 550 жыл толуына орай сахналанған көріністер қойылып, жастар тарихты өз тілімен жеткізуге тырысты.

Студенттер

М.Әуезов атындағы ОҚМУ — еліміздің алдыңғы қатардағы оқу орындарының бірі Ал, филология факультеті білім қабырғасымен тығыз байланысты қара шаңырақ болып табылады. Осыны ескерген талапкерлер аталмыш оқу ордасын ойланбастан таңдайды. Солардың бірі — Бекзат Ахмед. Бірінші курс студенті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында білім алады. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» нақылын ту еткен. Ана тілін терең зерттеп қана қоймай, өзгелерге үйретуді алға мақсат еткен.

 

Ахмет БекзатАхмет Бекзат, І курс студенті: «Ұлт тағдыры ұлттық тілге байланысты. Ал,еліміз әрі қарай дамып, көркейіп, дамушы елдердің ортасында өзіндік орын қалыптастыруда мемлекеттік тілдің алар орны ерекше. Сондықтан мен болашақта тізгінін ұстайтын мамандығым ретінде ойланбастан қазақ тілі мен әдебиетін таңдадым. Ендігі сәтте таңдаған кәсібімнің білікті маманы болып, қазақ тілін қолдану аясын кеңейтуді мақсат етіп отырмын.»  

Тіл мамандары мен аудармашылар әрқашан қоғамға керек дейді факультет деканы. Сондықтан бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыруда ешқандай да қыйындық туындамайтын көрінеді.

Болатбек МакұлбекұлыБолатбек Макұлбекұлы, филология факультетінің деканы: «Филология факультеті — оқу ордасымен тұспа-тұс дамып келе жатқан жан-жақты факультет. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, сондай-ақ, биыл қытай тілі де қосылып, студенттеріміз ең сұранысқа ие тілдердің барлығын жетік меңгеріп шығуда. Біздің оқу орнымыз филологтарды даярлауда Астанадағы ЕНУ, Алматыда орналасқан ҚазГУден еш кем түспейді.»

 

 

Жалпы педогогика және мәдениет факультеті «Музыкалық өнер», «Мәдениеттану, әлеуметтік жұмыс және музей ісі», «Дизайн және сәндік өнер», «Жалпы тарих, археология және география», «Хореография», «Режиссура», «Қазақстан тарихы», «Бейнелеу өнері және кескіндеме» бағыттары бойынша мамандарды даярлайды. Аталған мамандықтар бойынша биыл 250-ге жуық студент қабылданған, оның 98-і — мемлекеттік грант иегерлері. Ал филология факультетінде жалпы саны 700-ге жуық студент тәлім алады екен.