Ауызбіршілік пен бірлік барда кез-келген қиындықты еңсеретініміз ақиқат

244

Адамзаттың денсаулығын сақтау мәселесінің рухани құндылықтарды сақтаудағы және қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі алатын орны ерекше. Мыңжылдықтар бойында денсаулық сақтау, әрбір халықтың өз идеялары, дәстүрлері, әлеуметтік үстемдіктеріне байланысты түрліше шешіліп отыр.

Халық денсаулығының жай-күйi қоғамның әлеуметтiк бағдарлылығының, мемлекеттiң өз азаматтарының алдындағы жауапкершiлiк дәрежесiн сипаттайтын әлеуметтiк кепiлдiктерiнiң көрсеткiшi болып табылады.

Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында «алдымен экономика, кейіннен саясат» қағидасын ұстанған мемлекетіміз, адамзат үшін сын – індет мерзімінде өз халқының денсаулығын сақтау мәселесін экономикадан да, саясаттан да жоғары тұратындығын мызғымас қағидат ретінде ұстанып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі коронавирус жағдайына байланысты енгізілген карантин шараларына қатысты мәлімдемесінде, «қазіргідей күрделі кезде әрбір азамат біздің назарымызда болады. Мемлекет ешкімді қиындықта қалдырмайды», деп айқындады. Карантин жарияланған кезеңнен бастап, 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек көрсетіліп, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылуы, коммуналдық төлемдерді, несиені төлеу бойынша шаралар арқылы, Қазақстан Республикасы үшін әрбір адамның денсаулығын сақтау – ел тіршілігінің толыққанды бағасын көрсетіп, оның мүмкіндіктерінің әлеуетін анықтайтын факторға айналып отырғандығының көрінісі.

Президенттің «Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ», деп жариялауынан, әрбір қазақстандыққа деген қамқорлық, жауапкершілік мемлекетіміз үшін еш уақытта да күн тәртібінен түспейтіндігін сезінеміз. Бұл біз үшін өте маңызды.

Президент, «Елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ екендігін» атап өтті. Қазіргі таңдағы азық-түліктің жеткілікті болуы, яғни нарықты сапалы азық-түлік тауарларымен толықтырылуы, экономикалық қол жетімділік, яғни халықтың сатып алу мүмкіндігінің ескерілуі – азық-түлік мәселесін табысты шешудегі еліміздің жетістіктерінің бірі, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі бағыты.

Сонымен қатар, «Қазақстан халықаралық қоғамдастықтан еш нәрсені жасырмай, барлық мәліметті ашық жариялап отыр». Ресми билік тарапынан дер кезінде шынайы ақпараттарды халыққа жедел түрде жеткізілуде. Дегенмен, карантин жағдайындағы халықтың эмоиялық жай күйіна айлы-шарғы жасап отырған түрлі бағыттағы топтар мен мүдделердің конгломераты байқалады. Оларды қазіргі таңда біріктіріп отырған мәселе – билікті сынау және саяси жаңғыру жолындағы реформаларды жоққа шығару. Сондықтан, Президент, бос сөз бен жалған мәліметке жол бермеуге шақырып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс», деп Қазақстан қоғамын эволюциялық дамуға шақыруы осы саяси өзгерістердің жарқын көрінісі болып табылады.

Жер бетіне індет таралған мерзімдегі адамзат үшін сын сағаттарда Қазақстан халқының бірлігі өзінің өзектілігін арттырады. Барлық тарихи сын жағдайларда, Отанымызға төнген қауіп жағдайларында біз біріге білген елміз, болашаққа бастайтын ерен азаматтарға қолдау танытып, солардың аясына жинала білген елміз. Қазіргі жағдай осындай ұйымшылдықты қажет ететін уақыт. Сондықтан да, Қазақстан халқының бірлігіне төнген қатерлерге қарсы тұру – мемлекеттік маңызы бар іс.

Президеттің мәлімдемесін қолдай отырып, М.Әуезов атындағы ОҚМУ төтенше жағдай кезінде әлеуметтік қолдау мен азық-түлік көмегімен, медициналық көпқолданыстағы бетперде мен антисептиктерді университет жанындағы шеберханалар мен зертханаларында даярлап, мұқтаж азаматтарға таратты. Университетіміздің ерікті жастары төтенше жағдай басталған күннен бастап, қолдарынан келген көмекті ұсынып, қала аумағындағы індетті бәсеңдетуге арналған іс-шараларда белсенділік танытып жүр. Жатақханада қашықтықтан оқып жатқан шетелдік білімалушыларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз еттілді. Қазіргі таңда, халыққа ең маңыздысы дұрыс ақпарат жеткізу, көпшілікті жалған ақпараттардан теріс пікірлерден сақтандыру өте маңызды. Бұл бағытта да жоғары оқу орнымыздың ғалымдары БАҚ-да, әлеуметтік ақпарат кеңістігінде қашықтықтан оқытудың, онлайн, офлайн сабақтардың ерекшеліктері туралы, интернеттегі платформаларды қолданудың әдіснамалары үздіксіз жарияланып тұрды.

Біз «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшелері ретінде азық-түлік дүкендерінде халыққа қолжетімді бағалардың сақталуы мен қала аумағындағы санитарлық тазалау жұмыстарының сапалы орындалуы, блок бекеттердегі қатаң карантиндік тіртіптің болуын қадағалауға атсалыстық.

Ауызбіршілік пен бірлік барда кез-келген қиындықты еңсеретініміз ақиқат, Ел Президентінің мәлімдемесін қолдай отырып барша Қазақстандықтарды сабырлы болуға шақырамыз. #BizBirgemiz.

Д.П.Қожамжарова
М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры