Полиция қызметкері адам өліміне себепкер деген күдікпен ұсталды

433
Жол апаты

Учаскелік инспектордың кесірінен адам мерт болды. Жауын-шашынды күні тіркелген жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам опат болды. Жан түршігерлік оқиға қазанның 21-нен 22-не қараған түні Бәйдібек би даңғылында болған.

Жол апаты

Бұл жерде ВАЗ 21099 және Мерседес автокөліктері соқтығысқан. Қатты соқкы кесірінен екі адам жарақаттанып, ресейлік көлікте отырған 50 жастағы азаматша сол жерде мерт болды.

Мерседестің жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен. Бірақ оның қасында болған жолаушы азаматшаны тәртіп сақшылары жібермей, ұстап қалды.

Бүгін белгілі болғандай, оқиға орнын тастап қашқан Мерседестің жүргізушісі ұсталды. Ол Шымкенттегі Қаратау полиция бөлімінің учаскелік инспекторы болып шықты. Бұл туралы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды. Жүргізушіні өзінің әріптестері ұстап, қамауға алған.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы: «Қаратау полиция бөлімінің қызметкері бір тәуліктің ішінде күдікті азаматты анықтады. Ол 24 жастағы учаскелік поилция инспекторы болып шықты. Шені — лейтенант. Осы күдікті азаматтың үстінен қылмыстық кодекстің екі бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Оның бірі — оқиға орнын тастап кету бабы.»

Ернар Балабеков