Мақта теру науқанының бірінші кезеңі аяқталуға жақын. Алайда ақ алтынның құны әлі күнге белгіленбей отыр. Жергілікті мақта қабылдау орындары ақ алтынның келісін қазір 100 теңгеден сатып алып жатыр.
Бұл баға былтырғымен салыстырғанда жоғары. Алайда, мұны азсынып отырған шаруалар кеткен шығынның өзін ақтамайды деп отыр. Ал зауыт басшылары бағаның өсуінен үміттеніп отырған шаруалардың көп екенін алға тартады.
Ыдырыс Бердіш, шаруа: «Доллар құны биыл қымбаттаған соң, мақта шетелге өткеннен кейін бағасы қымбаттау болуы керек. Шамамен келісі 120 теңгеден. Ливерпуль бағасымен есептегенде 120-дан болуы керек. Ал 100 теңге аздау болып жатыр. Егер 20 теңгеден қосса, шауалардың қалтасы шамалы томпаяр еді.»
Бүгінгі таңда облыста мақта теру науқаны қызып тұр. Дәл қазір межеленген ақ алтынның 54 пайызы немесе 143 мың тоннаға жуығы жинап алынды. Айта кетейік, биыл күнгейдегі мақташылар 99 мың гектарға шит сепкен.