Гүлмира Маханбетова

«15 жылдан бері жарыққа жарымай келеміз. Жәй күнде сағатпен өлшеп берілетін электр қуаты қыс ауа мүлдем қысқартылады». Қала іргесіндегі Қапал батыр көшесінің тұрғындары осылай деп шағымданып отыр.

Жекенің меншігіндегі электр қуатын пайдаланатын тұтынушылар жылдар бойы жарық үшін төлемді артығымен төлеп келдік дейді. Бірақ соның өзінде қазан айы келісімен электр сымдары қиылып, 100-ге жуық үй жарықтан қағылады.

Гүлмира Маханбетова
Гүлмира Маханбетова

Қапал батыр көшесінде тұратын Гүлмира Маханбетова талай тұрмыстық техникасынан айрылыпты. Көпбалалы әрі жалғыз басты әйелдің айтуынша, жарық үшін ай сайынғы төлемді кешіктірмей өтейді. Бірақ, ай соңында электр желілерін тарататын жекеменшік мекеме себепсіз шамды сөндіріп тастайды. Жағдай, әсіресе, қыс ауасында ушығады.

Гүлмира Маханбетова, Қапал батыр көшесінің тұрғыны: «Менің осында көшіп келгеніме 15 жыл болды – сол уақыттан бері жарық жоқ. Жанса да сағаттап өлшеп береді. Ал қыстыгүні мүлдем жарыққа зәру боламыз. Азанда жұмысқа кетеміз, кешке жұмыстан келеміз, жарықсыз отырамыз үйде. Тұрмыстық техникамның жартысы күйіп тынды. Жақын маңдағы дүкендер де біздің жағдайымызды білген соң балауыздың бағасын көтеріп жіберген. Біздегі жылу жүйелері де электр жарығымен жұмыс жасайды ғой, қыстың күндері жылусыз отырамыз жаурап, соңынан ауырып төсек тартып жатамыз».

қиылған электр желілері

Тұрғындардың сөзіне сенсек, мұнда жапа шеккен жалғыз жанұя емес. Қапал батыр көшесі бойындағы 5 бірдей көп қабатты үй, сондағы 57 отбасы жарыққа жарымай келеді. 18 жылдан жекенің меншігіндегі электр қуатын пайдаланатын тұрғындар бұл үшін артығымен төлем жасайтынын айтып ашынды.

Айгерім Дундаева
Айгерім Дундаева

Айгерім Дундаева, Қапал батыр көшесінің тұрғыны: «Жекеменшік мекеме болған соң 1 кВт-қа 23 теңгеден төлейміз, ал қала ішінде тұрғындар әрбір көрсеткішке 11 теңгеден төлейді. Сонда біз екі есеге көп төлеп отырмыз ғой, сонда да жарықты жарытып бермейді. Өшіре береді, өшіре береді, енді бір жаңа тұрмыстық техника сатып алсаң, артынша күйіп қалады. Шаршадық! Ал байғұс балаларымыз кешқұрым мектептен келген соң сабақты балауызбен оқиды, көздерінің көру қабілеті нашарлап барады».

Ал қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандары бұл жағдайдан хабардар екен. Сөздеріне сенсек, мәселе шешілуге таяу. Жаңа электр қуатын тарататын жәшіктің сметалық құжаты әзірленіп, ол үшін қазынадан 110 миллион теңге қаралыпты.

Нұрлан Жаманкөзов, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімі энергетика секторының меңгерушісі: «Қазір ол аумаққа қатысты жобалау-сметалық құжаты әзірленіп, байқауға түсті. Енді оны жеңіп алған ЖШС-мен біз келісім-шарт түздік. Соған сәйкес, қазір құрлыс жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс толығымен қараша айында аяқталады. 57 тұрғын үй сапалы электр жарығымен үздіксіз жарығымен қамтамасыз етіледі».

Ендеше, тұрғындардың тағы 1 ай күтуіне тура келіп тұр. Ал бұл жылдар бойы жарыққа зәру болып, шығынға батқан тұрғындарға шенеуніктердің берген кезекті құрғақ уәдесі болмасын деп сенейік.