Қорым мен тойхана

Қорымды неге қорлайды? Сайрамдағы мазардан маза қашты. Өйткені жергілікті кәсіпкер бейітті бүлдіріп, оның орнына тойхана салған. Енді Мірәлі баба мазары жын-ойнақтың ордасына айналды. Сайрам тұрғын үй алабындағы жергілікті жұрт кәсіпкердің осындай әрекетін әшкерелеген.

Қорым мен тойхана

Келінінің мүрдесін таппай қалған Жаппарқұл Юлдашев ызаға әбден булығыпты. Онсыз да қабырғасы қайысып жүрген жігіт ағасына бұл жығылған үстіне жұдырық болған. Орнатқан көк тасты қиратып, бейіт үстіне құрылыс жүргізген кәсіпкерге қатты налыдым дейді. Ал қолынан келер амалы қалмаған.

«Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді мұндағы жұрт жақсы біледі. Бірақ соны тойхана иесіне түсіндіре алмай-ақ қойдық дейді. Кәсіпкердің кәсібіне емес, оның әруақты таптап, қорымды қорлағанына бүкіл әлеумет болып қарсылық білдірдік. Алайда көптің уәжіне құлақ асатын жан болмады деп ашынады жергілікті жұрт. Осыны айтып, құзырлы мекемелердің талайының табалдырығын тоздырғанымен, еш нәтиже шықпапты.

Қорым мен тойхана

Кәсіпкердің көктастарды қиратқанына екі-үш айдың жүзі болды дейді тұрғындар. Құрылыс үшін 22 ескерткішті талқандап, бейіттерді сүріп тастаған. Енді сол мүрделер тойхана астында тапталып жатыр дейді жұртшылық.

Тойханадан шыққан қалдықтар мүрделердің маңын жайлап кеткен. Бейіт басынан алкогольді ішімдіктердің қақпақшаларын көруге болады. Жергілікті жұрттың айтуынша, тойхана иесі өзінің жеке құрылысы үшін қорымға қарасты 650 шаршы метр жерді негізсіз меншіктеп алған. Оның үстіне қазір мұндағы мазарға жерлеуге тыйым салынған. Өйткені мүрде қоятын орын қалмапты.

Қорым мен тойхана

Сонау ХХ ғасырда өмір сүрген Мірәлі бабадан бастап күні кешеге дейінгі талай тұлғаның көрі осында екен. Тарихи маңызы бар қорым, тіпті, ЮНЕСКО тізіміне енген. Енді сол талай тұлға жерленген мазарға келіп, дұға ету мүмкін болмай қалды. Өйткені тойхана иесі кіретін тұсты тұмшалап тастады дейді жұртшылық.

Тұрғындардың талап-тілегін арқалап, тойхана иесімен кездесуге тырыстық. Есіктің алдынан қожайынның ұлы мен жеке заңгері қарсы алды. Олардың айтуынша, нысанның жеріне қатысты құжаты қаттаулы екен. Тіпті, ешқандай кінәрат жоқ деп отыр.

Қаланың қарамағына өткен аумақтағы ахуалды Қаратау аудандық әкімдігінің қызметкерлері де біледі. Бірақ, әзірге әрекеттен берекет болмай тұр. Тек келер аптада арнайы комиссия құрып, тексеруді тиянақтаймыз деп ақталды.

Мұндағы мемлекеттік қызметкерлер де мазар мен тойхананың жапсарлас орналасқанын құптамайтын болып шықты. Тек мұсылмандық тарапынан ғана емес, адами тұрғыда бейіт бен жын-ойнақ салып, сауық кешін өткізетін нысанның қатар болуы асқан қателік дейді. Жергілікті жұрт та әруақтардың тынышын алып, қорымды қорлауға қалайша жол бергенін түсінбей дал.

Мақсат Жақсыбайұлы