Оңтүстіктің шаруалары Украина технологиясын пайдаланады

251
Кәсіпкерлер

Оңтүстік Қазақстан облысында сүтті бағыттағы мал шаруашылығы Украина технологиясы бойынша дамитын болады. Бұл туралы Украина делегациясының Оңтүстік Қазақстанға жасаған сапары кезінде белгілі болды.

Кәсіпкерлер

Аталған елдің «Dairy Global Experts», «АгроКлимат Украина», сондай-ақ, Голштинский қауымдастығы мен сүт өндірушілер қауымдастығы сынды ірі ұйымдарынан келген мамандар оңтүстікқазақстандық сала жетекшілерімен тәжірибе алмасып, жаңа технологияны қолданысқа енгізудің тетіктерін қарастырды.

Бұдан бөлек кездесуде тауарлы-сүт фермаларының бірыңғай орталығы мен шаруаларды жергілікті асыл тұқымды ірі қаралармен қамтамасыз ететін кешеннің жұмысын жүйелеуге бағытталған кеңес беру орталығын ашу мәселесі де қаралды. Сондай-ақ, ұжымдық үлгідегі отбасылық шаруашылықтарда сүтті бағытты дамытудың механизмдері талқыланды.

Іс-шара барысында делегаттар «Максимум» аймақтың инвестициялық орталығының ұйымдастыруымен өткен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы семинар кеңеске қатысты. ОҚО-да сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту тақырыбына арналған жиында украиндық мамандар тауарлы-сүт фермаларын құру мен оны дамытудың қыр-сырымен бөлісті.

Жиын соңында сүт шаруашылығы саласындағы әлеуетті жобаларды жүзеге асыру бойынша «Максимум» АИО және «ҚазАгроҚаржы» АҚ компанияларымен бірлесіп жұмыс жасау жолдары талқыланды.