Прокурорлар жер мәселесін назарға алды

262
Прокурорлар алқасы

Шымкентте мемлекеттік құрылыс кадастры қалыптаспаған. Ал шаһарға Төле би, Сайрам, Ордабасы аудандарынан енген 500 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді әлдебір пысықайлар тұрғын үй салуға ыңғайластырып, 5 мың учаскеге бөліп қойыпты.

Ол аздай, қала аумағындағы тағы 39 гектар алқап заңсыз пайдаланылып жатыр. Бұл телімдер Құрсай, Азат шағынаудандарына қарасты. Оңтүстіктегі жер игеруге қатысты мәселе облыстық прокуратурада тереңірек талқыға түсті.

Прокурорлар алқасы

Жер мәселесін қозғаған құқық қорғаушылар бұл жиында Азаттағы ағайынның арызын қарастыруды ұмытпады. Жуырда ғана қалалық әкімдік алдына шағынаудан жұрты жиналып, қыс ауасында баспанасын бұздырмауды сұранған болатын.

Оған себеп — құзырлылар ондағы үй салынған жерлердің заңсыз пайдаланылып келгенін анықтапты. Қалың қауымды зарын көрген құқық қорғаушылар қоғамда шу көтермей шешу керек деп отыр.

Сөздің шыны керек, жерді өз меншігіндей көріп, оңды-солды үлестірген шенеуніктердің кесірінен осындай ахуалдың туындағанын прокуратура өкілдері де мойындайды. Былтыр осындай жағдайға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалса, биыл — үшеу. Телімге орналастыруда орасан рөлі бар кадастр қызметі де кейбір жағдайда бұған ықпалдастық жасайды дейді құзырлылар.

Жерге орналастырумен айналысатын жеке мекемелер де бүйректен сирақ шығарып, көптеген кемшіліктерге жол беріп жатыр. Облыс прокуроры заңсыздықтарды қалайда тоқтату қажет деп отыр.

Қала маңындағы жұрт жер пайдалануға аса құлықты болса, есесіне, шалғай аудандарда үлкен алқап бос қалған. Қазір облыста 334 мың гектар аумақ игерілмей жатыр. Оның көшін Сарыағаш, Бәйдібек, Отырар аудандары бастап тұр.

Мақсат Жақсыбаев