Жұмыссыздық — барлық қоғамда болып тұратын құбылыс. Егер жұмыс іздеушілердің саны бос жұмыс орнынан асып түссе‚ онда жұмыс күші нарығының болмағаны. Біздің облысымызда жергілікті халық жұмыспен қаншалықты қамтылған? Оның ішінде шаһар тұрғындарының жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде? Қандай мамандықты оқып шықсаңыз жұмыссыз қалмайсыз?
Ресми дерекке сүйенсек, Шымкент қаласындағы жұмыссыздық деңгейі — 4,3, облыс бойынша — 2,7, республикада 4,2 пайызға жетіпті. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасының үшінші бағытының I тармағы бойынша 2012-2015 жылдары үш жылдық кәсіптік оқуда 696 азамат 14 мамандық бойынша бітіріп, диплом алып, мамандық иесі атанды.
Атап айтқанда, бетоншы, дизайнер, теміржолдың жылжымалы құрамдарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету, автомобиль жолдары мен аэродромдар салу, модельер-конструктор, шаштараз, полимеризаторшы, жылу технигі, техник, техник-механик, техник-бағдарламашы, техник-технолог, техник-энергетик, электр механигі.
Бүгінде олар аталған мамандықтар бойынша тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал шілде айында 10 айлық кәсіби оқудан 193 азамат жиһаз шебері, автослесарь, тігінші, электр-газбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқуларын аяқтап, барлығы тұрақты жұмыспен қамтылды.
Қыркүйек айында 148 азамат 3 айлық қайта даярлау курстарынан 8 мамандық бойынша куәлік алып, орталық жолдаған тұрақты жұмыстарға жолданды. Атап айтқанда, токарь, ЭЕМ операторы, автоэлектрші, стропальші, арматуршы, тас қалаушы, электр-газбен дәнекерлеуші, тігінші.
Бүгінде бағдарлама 844 азаматтың тегін білім алуына көмектесіп, нәтижесінде 835 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. 9 азамат белгілі себептермен жұмыспен қамтылмады. Оның ішінде 729 азамат 29 жасқа дейін жастар қатысып, жұмыспен қамтылды.
— Қазіргі таңда Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы жоспар бойынша 533 азаматты жолдау қажет болатын. Бірақ әртүрлі жағдайлармен мерзімін аяқтамай, жұмыстан шыққандарды есептегенде жастар практикасына 649 жас маман жолдама алып отыр,- дейді Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Асылжан Жамалбеков. — Жыл басынан бері білім саласындағы 82 мекемеден 238 жұмыс орнына, денсаулық саласындағы 32 мекемеден 210 жұмыс орнына, жеке меншіктегі 41 мекемеден 93 жұмыс орнына, құқық, әкімшілік басқару, спорт және туризм және әлеуметтік қызмет көрсету салаларындағы 48 мекемеден 146 жұмыс орнына өтінім келіп түскен. Жастар практикасы 6 ай мерзімге уақытша жұмыс орындары болғандықтан, жұмыс берушілерде сынақ мерзімі секілді ұйымдастырылады. Егер жас маман өзін жақсы қырынан көрсетсе, тұрақты жұмысқа орналасады. Еңбекақысын айта кетер болсақ, міндетті зейнетақы түсімдерін қоса есептегенде 35676 теңге көлемінде болады.»
Қорыта айтқанда 7186 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Оның ішінде 1646 азамат жаңа жұмыс орнына, 5540 азамат бос жұмыс орнына жолданды. Оның ішінде 21 жасқа дейінгі жастар саны — 1695, 50 жастан асқан азаматтар саны — 623, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 23 жасқа дейінгі балалар саны — 8, штаттың қысқаруына байланысты жұмыстан босатылғандар саны — 163, табысы аз адамдар саны — 129, оралмандар саны — 11, мүгедектер саны 266 адамды құраса, бас бостандығынан айыру немесе мәжбүрлеп емдеу орындарынан босатылған 26 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жансая Сыдықбай