Оңтүстіктің сот сараптама институты өндіріске алынған кейбір айғақты материалдарға зерттеу жүргізе алмайды. Ал бұл жағдай тергеу мен сот қаулысының дер кезінде шығарылу мерзімін тежейтіні сөзсіз.
Оған себеп — ішкі істер органдары мен құзырлылардың аталған институтқа өткізген материалдарының толық көлемде жеткізілмеуі немесе оның химиялық қасиетін жоғалтуы.
Бұл туралы облыстың сот сараптама институтында өткен семинарда айтылды. Жиында осы сияқты зерттеу тағайындау кезінде туындайтын күрделі мәселелер талқыланды.
Биыл аталған институтта 4213 сараптама орындалыпты. Бұл — былтырғымен салыстырғанда 157 зерттеуге азайған. Бұдан бөлек, осы жылы орындалмай, кері қайтарылған сараптамалардың саны 118-ді құраған.
Мамандар бұл кемшілік ішкі істер органдары мен сот және прокуратура өкілдерінің өздерінен туындаған деп отыр. Осы мәселенің мәйегін ашып, талқы таразысына салу үшін аталған құрылым қызметкерлері семинарға шақырылыпты. Бірақ, басым бөлігі қиындық тудырған жайға қырын қараса керек, жиында төбе көрсетпеді деп сарапшылардың өздері өкпелі.
Виктория Цой, ОҚО сот сараптама институты директорының орынбасары: «Біз ішкі істер департаменті, қалалық ішкі істер бөлімдерінің тергеушілері мен анықтаушыларын, облыстық және ауданаралық мамандандырылған соттың судьяларын, оған қоса прокуратура өкілдерін, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қызметкерлерін, кеденшілер мен салықшыларды шақырдық. Бірақ бұл құрылымдардың бірінен өкіл келсе, басым көпшілігі қатысуға ниет білдірмеді. Бүгінгі семинарда өндіріске алынған материалдардың сараптамаға алынбай, неліктен кері қайтарылып жатқанын түсіндіруді мақсат еткенбіз. Өйткені кейбір жағдайларда айғақты зат немесе оқиға орнынан алынған қалдықтар бізге тиісті талаппен жеткізілмейді. Химиялық құрамын жоғалтып, мерзімі өткен, я болмаса дұрыс сақталынбаған дүниелер әкелінеді.»
Осыған қарамастан тергеушілер мен анықтаушылар және судьялар өндіріске жіберілген материалдарды дайындауды қайта қолға алуға өтініш білдіреді екен. 33 түрлі зерттеу өзгешеліктерін айқындайтын 18 түрлі сараптама жүргізуге қауқарлы институт мамандарына тергеушілер түсініксіз сауал жолдаумен әлек болады дейді сарапшылар.
Мамандардың айтуынша, өндіріске алынатын материалдардың көбі ішкі істер органдарынан келеді екен. Бірақ ондағы тергеушілер мен анықтаушылар сараптамаға түсетін қандай да бір айғақты заттарды қарауға дұрыс әзірлемейді. Бұған қатысты мамандар 50-ден астам семинар-лекция өткізгенімен, одан шығып жатқан нәтиже жоқ.
Ал бұл түптеп келгенде, тергеушілер мен судьялардың іске қатысты қаулы шығаруын тежеп жатыр деп дабыл қағады сарапшылар.
Мақсат Жақсыбаев