«Тенор» халықаралық «Менің Қазақстаным» ән байқауынан 2-орын алды

408

Жерлестеріміз жеңіспен оралды. «Тенор» тобы Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық «Менің Қазақстаным» ән байқауынан жүлделі 2-орынды жеңіп келді. Өнер сайысына бұл жолы елімізден және шетелдік 33 өнерпаз қатысып, арасынан Оңтүстіктің намысын қорғаған айтулы дуэт оқ бойы озық шықты. Өңірге жеңісті арқалай келген әншілер айтулы жүлдені иемдену оңайға соқпағанын жасырған жоқ.

Өсербай Бөріханов, «Тенор» тобының әншісі: «Әрине, күтпеген жеңіс болды. Әу баста жеңістен үміт болды, бірақ дәл осылай жүлделі екінші орынды иемденеміз деп ойлаған жоқпыз. Өте қуаныштымыз. Қарсыластарымыз осал болған жоқ, әсіресе, классикалық ән жанрын орындайтындар мықты. Бірақ, Аллаға шүкір, жүлдемен оралдық. Алдағы уақытта да ізденіп, өзге де халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысу, жеңу ойда бар. «Тенор» тобын көпке танытып, тыңдарманның жүрегінен орын алар жаңа әндерді жаздырамыз деп жоспарлап отырмыз».

Айта өтейік, «Тенор» тобы осыдан бір жыл бұрын құрылған. Бүгінде облыстағы Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияда қызмет атқаратын дуэт әншілері  Мағжан Әлтенбаев пен Өсербай Бөріханов 2015 жылғы Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық «Менің Қазақстаным» байқауының бас жүлдесін иеленген болатын. Жігіттерге шығармашылық табыс тілейміз!