«Менің Қазақстаным» ән байқауының жеңімпаздары анықталды

633

Шәмші әлеміне құрмет! Телегей талантына тағзым! Еселі еңбектерін ел арасында етене дәріптеу. Дәл осындай сый-құрметпен «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы әйгілі сазгер, вальс падишаһының құрметіне есімі берілген гүлзарда, композиторды ерекше еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.

«Менің Қазақстаным» – әйгілі композитор, вальс падишаһы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттайтын облыстық ән байқауы. Биыл 26-шы рет өткізіліп отыр. Ал үміткерлердің талантын 5 адамнан құралған қазылар алқасы таразылауға көшкен. Төрағасы – шәмшітанушы, белгілі композитор – Қалдыбек Құрманәлі.

Қалдыбек Құрманәлі, қазылар алқасының төрағасы: «Жақсылары да шығып жатыр. Кейбір әндері былай – бірінші әнді баяу айтады да, оған төмен балл қойып қоясың. Екіншісі одан жоғары шығады. Ал керісінше, біріншісіне – жоғары ұпай алғандар, екіншісінде төмен болып қалады. Кейбір әншілер дайындығын ұмытып, сахнада сасып қалады ма, сөздерінен қателіктер жіберіп жатқандары бар».

Гүлмарал Жақыпбай (сол жақта)Сонымен, «Менің Қазақстаным» ән байқауының жеңімпаздары анықталды. Шəмші Қалдаяқовтың туған күніне орай ұйымдастырылған өнер бәсекесінде алдымен облыс әкімінің арнайы жүлдесі тапсырылды. Айтулы марапат Шардараның жас таланты Гүлмарал Жақыпбайға тапсырылды.

Жүлделі 3-орынға Арыс қаласының тумасы Ердос Сейілхан лайық деп табылды. Екінші орыннан Жетісайдың үкіліген үмітін арқалай келген ару Малика Қалдыбай көрінді. Бірінші орынды Келес ауданының намысын қорғаған Бексұлтан Отарбеков еншіледі. Ал басты сый – бас жүлдені Түлкібас ауданының таланты – Бағдат Нысанбай жеңіп алды. Жеңімпазға 500 мың теңге қаржылай сый-таралғы тапсырылды.

 

Бағдат Нысанбай, «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауының бас жүлдегері: «Мен өте қуаныштымын. Бүгінгі байқауда өзімді дәлелдегеніме. Өйткені бұл додаға қатысу үшін дайындалып, тер төктім. Сол еңбектің жемісі дәлелденді. Мен қазір Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқимын. Музыкалық драма факультеті, актерлік мамандықты меңгеріп жүрмін. Вокалға мүлдем қатысым жоқ. Менің ерекшелігім – сол актерлік шеберлікті қолданып, халықты баурап, қазылардың көңілінен шығып, әнді жеткізе орындауым. Бас жүлде алуымның құпиясы да осында деп ойлаймын».

Марапаттау рәсімі, дәл осы өнер додасынан түлеген және өзге де жергілікті өнер жұлдыздарының қатысуымен қорытынды-кешке ұласты. Айта өтейік, «Менің Қазақстаным» облыстық ән байқауы – биыл 26-рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жолғы бәйгеге 200-ге жуық үміткер қатысып, оның 21-і ақтық сында өнер көрсетті.

Мөлдір Бекеева