Шымкенттегі оқушылар сарайында қала әкімінің «Жібек жолының жаңа жылдық ертегісі» қайырымдылық шырша мерекесі өтті. Салтанатты шараға шаһар басшысының орынбасары Қайрат Нұртай қатысып, жаңа жылдық шырша шамын жақты, жасөспірімдерді мерекемен құттықтады.
Думанды шараға қалалық әкімшілік қызметкерлері мен мәслихат депутаттары, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері қонақ болып, ертегі кейіпкерлеріндей киінген бүлдіршіндермен бірге мерекелік концертті тамашалады.
Қала әкімінің жаңа жылдық шырша мерекесіне қатысқан шаһар мектептеріндегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасының 135 оқушысына түрлі сыйлықтар үлестірілді, деп мәлімдейді Шымкент әкімінің баспасөз қызметі.
Балалар бір сәт ертегілер әлеміне еніп, Жібек жолы бойымен еліміздің қалаларын аралады, ұлттық сазды аспаптармен оркестрде ойнады.
«Айгөлек», «Еркетай» ансамблінің орындауындағы мерекелік әндер балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.