Қазақ елі қара жамылды. 11 желтоқсанда Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның алғашқы мемлекеттік хатшысы, парламент сенатының депутаты Әбіш Кекілбайұлы өмірден озды. Қаралы хабарды естіп, қайғыға душар болған күнгейлік жамағат аты «Үркер» романымен әлемге мәшһүр болған жанды қимастықпен еске алды.
Қазақ әдебиетіне қайталанғысыз құнды, шоқтығы биік шығармаларды әкелген қаламгер Әбіш Кекілбайұлының еңбектерін іздеп, оны оқушы оқырмандар көп. Тіпті кітапханаға да сол үшін бас сұғады. Кезекті рет Кекілбайұлының кітабын, жаңа жинағын алуға бұрылған оқырманы қаралы хабарды естимін деп күтпесе керек. Қайғыға душар болып, қабырғасы қайысса да еңбегін, ондағы әріптермен тізбектелген әңгімелерін оқудан бас тартпады. Бұл оқырманның авторға, шығармашлыығына деген риясыз құрметін көрсетсе керек.
Әбдісаттар Әліп, оқырман: «Қаламгерді жазушы ғана емес, халық пен билік арасындағы алтын көпір, көптің сөзін, ойын Елбасыға жеткізіп, оң шешімін табуына атласысатын тұлға ретінде танушы ек. Енді, міне, қаперімізді көз жазып қалдық, қайғырып отырмыз. Оның шығармаларын оқығанда бойымызға қуат алып, сырласамыз, тіпті, еңбектері кіммен қалай сөйлесу керек екенін үйрететін көмекші ғой. Тәрбиеші, сөздің мәнін ұқтырады.»
Әбіш Кекілбайұлының оқыраманның жүрегіне жол тартқан «Үркер», «Елең-алаң» романдары мәңгілік, көптің жүрегінде жасай береді. Көпшілік оны қазақ әдебиетіндегі алып тұлға ғана емес, ел жанашыры ретінде де жақсы таныды. Саналы ғұмырында мемлекетімізде жауапты қызметтер атқарды. Тұңғыш мемлекеттік хатшы, парламенті сенатының депутаты болды. 2003 жылы «Қазақстанның тұңғыш президенті — Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапатталды. Бүгінде қаламдастары марқұмның өміржолын, еткен еңбегі зая кетпегенін айтып, еске алды.
Байдулла Қонысбек, Қазақстанның құрметті журналисті: «Әбіш Кекілбайұлы билікте жүріп мемлекеттің құрылысын қалап кетті, талай түйіннің, талай заң талаптарының негізін қалады десем болады. Қазақ әдебиетіндегі орны бір бөлек. Ешкімнің ойына келмейтін, ешкімнің сөздік қорында жоқ қазақи құнды сөздермен көмкере отырып шығармалар жазды. Қазақтың барлық көркем, әдеби сөздерін тек Әбіш Кекілбайұлының еңбектерінен кезіктіруге болады дер едім.»
Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданында туған. Әкесі соғыстан оралмаған қаламгер анасы Айсәуленің тәрбиесін көрді. Әрдайым өзін демеп отыру үшін жоспар түзетін, алға сүйрейтін арманы бар-тын. Осылайша халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы биыл 76 жасқа толған еді…