6 желтоқсан — прокуратура органдарының күні. Осыған орай облыстық прокуратурада салтанатты жиын өтті. Оған сала қызметкерлері мен ардагерлері және құрметті қонақтар қатысты.
Ел тәуелсіздігін алғалы бері осымен 14-рет аталып жатқан мерекенің құқық қорғау саласындағы маңызы ерекше. Қылмыс пен түрлі заң бұзушылықтарды қадағалауда құзыретті органның еңбегі орасан. Мерекелік жиында облыс прокуроры тындырылған тірлікті түгендеп шықты.
Мақтау мен мадақтау салтанатты жиынның сәнін кіргізді. Мерекелік басқосуда прокуратура саласының 50-ге жуық қызметкері түрлі марапатқа ие болды. Солардың бірі — Еңбекші аудандық прокуратурасының прокуроры Анна Беспалова. Үш жылдан бері құзырлы органда қызмет етіп жүрген ару мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арналған республикалық байқаудан оқ бойы озық шығыпты. Бұл жолы да аянбай еткен еңбек еленіп отыр.
Құзырлы орган қызметкерлерін құттықтап, құрметті қонақтар да келген. Облыс әкімінің аппарат басшысы мен облыстық мәслихат хатшысы да құқық қорғаушыларды марапаттады. Бірі мәслихат атынан ыстық ықыласын арнаса, бірі облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.
Марапаттан прокуратура ардагерлері де шет қалмады. Ал білегін сыбанып еңбек етіп жүрген қазіргі қызметкерлердің бірқатары бас прокурордың бұйрығымен кіші және аға әділет кеңесшісі атағын алып, шенін бір сатыға жоғарылатты.
Мақсат Жақсыбаев