Оңтүстік Қазақстан облысындағы қала-аудандардағы үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жандандыру мақсатында «Береке» қоғамдық бірлестігі биыл ірі жоба бастады. Бағдарлама «Береке» және «Экоцентр» қоғамдық бірлестіктерінің серіктестігі негізде жүзеге асуда.
Жобаға халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігі USAID қаржылай қолдап отыр. Осы іс-шараның 8-9 желтоқсанда «Береке — ынтымақ арқылы» бағдарламасы аясында Шымкентте «Гендерлік теңдік пен адам құқығы» тренингі ұйымдастырылды.
Екі күндік басқосудың бірінші күні қоғамдық ұйымдар мен қорлардың өкілдері гендерлік теңдік жайлы жалпы түсініктеме алды. Әр қатысушы өзін тұлға ретінде сипаттауды, құрметтеуді үйренді. Ойын түрінде өткен жаттығуларда белсенділер әйелдердің құқығын қорғау жөнінде ақпарат алып қана қоймай, ауылдағы мәселелерді шешуге ықпал жасау жолдарын білді.
Тренингтің екінші күні үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жоспар түзуді, жұмысты ұйымдастыруды, мемлекеттік және өзге де органдармен, БАҚ-пен қарым қатынасты орнатуды үйренді. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою, олардың құқығын қорғау, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне отбасының жауапкершілігін күшейту сияқты тақырыпта өткен жаттығулар мен пікір-сайыстар белсенділерді туындаған күрделіктерді шешуге машықтандырды.
Эльмира Алтынбекова, Ордабасы ауданындағы «Әйелдер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі: «Гендерлік саясаттың елімізде қалай жүзеге асып жатқаны жайлы хабарымыз жоқ екен. Оны тренинг барысында байқадық. Сол олқылықтарды түзеу мақсатында ұйымдастырылған шара барысында гендерлік теңдік, адамның құқығы жайлы көп мәліметтер алдық. Әйелдердің құқығын қорғау, оларға қолдау көрсету жолдарын үйрендік. Өзіміз қызмет етіп жүрген қоғамдық ұйымдардың жұмысын жандандыруға тәжірибе жинақтадық. Тренингке қатысқан өзге аудандардың белсенділерімен алдағы уақытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймыз. Білмегенімізді бір-бірімізге үйретеміз.»
Біржан Саржанов, Созақ ауданындағы «Асар» мүгедектер ұйымының төрағасы: «Береке» қоғамдық бірлестігінің «Гендерлік теңдік пен адам құқығы» тақырыбында ұйымдастырған тренингінің өзектілігін атап өтпекпін. Әйелдің қоғамдағы орны жайлы алған мәліметтерді, олардың құқығын қорғауға арналған қолданыстағы заңнамаларды жұмысымызда кеңінен пайдаланатын болдық. Ұйым ретінде мүмкіндігі шектеулі әйелдерге мамандықты игеру, жұмысқа орналасуға ықпал жасаймыз. Оның жолын, тәсілдерін тренинг барысында үйрендік.»
Бұған қоса тренингке қатысушылар әр талқыланған мәселе бойынша өздерінің ойларын ашық жеткізіп жатты. Әсіресе, «Бізге гендерлік саясат қажет пе?» деген тақырыпта ұйымдастырылған пікір-сайыс үкіметтік емес ұйымдары өкілдерінің қабілетін, жинақтаған тәжірибесін қолдануға мүмкіндік берді. Әйелдің отбасындағы, қоғамдағы және қызметтегі орны қызу талқыланды.
«Береке — ынтымақ арқылы» бағдарламасы аясында «Гендерлік теңдік және адамның құқығы» тақырыбында ұйымдастырылған тренингтің соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Рахымберды Оспанов, Сарыағаш қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Мен қатысушылардың атынан «Береке» қоғамдық бірлестігінің қызметкерлеріне, тренеріміз Маргарита Өскембаеваға осындай керемет тренинг ұйымдастырғандарыңызға рахмет айтпақпын. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына қатысты алған біліміміз, тәжірибеміз үшін, берген бағыт, бағдарларыңыз үшін алғысымыз шексіз! Әрине, жұмысымызда күрделіліктер жетеді, алайда, үйренгенімізді сауатты пайдалансақ, нәтиже болатынына сенімдімін. Тренинг жаттығулар, пікір-сайыспен толығуы ерекше болды. Өйткені, теория тәжірибемен ұштасып жатты. Бұл өз кезегінде әрбір материалды түсінуге, қабылдауға септігін тигізді.»