Шымкентте түлектерге арналған кезекті тренинг өтті

38

Шымкенттік мектеп түлектеріне «Болашаққа бағдар» жобасы аясында тренинг өткізілді. Онда психологтар оқушыларға мамандық таңдау маңыздылығын түсіндіріп, қоғамда өз орнын қалыптастыруға көмектесті.

Нұрдаулет Шерездан 11 сынып оқушысы. Ол көп уақыт мамандық таңдай алмағанын айтады. Тіпті ата-анасының кеңесіне құлақ түріп, өзі қаламаған салаға оқуға түспек те болған. Алайда қоғамда белсенді Нұрдаулет өзі ұнатқан мамандық бойынша еліне қызмет етуді ұйғарып, мемлекеттік және жергілікті басқару саласына тоқталыпты.

Нұрдаулет Шерездан, 11 сынып оқушысы: «Бүгінгі тренинг әрбір оқушылардың, болашақ маманның болашаққа деген көзқарасы. Бұл жоба оқушылардың өз мамандығын табуына, өз саласына 1 қадам болса да жақындауына, өзіне деген сенімділігін арттыруға көмектесіп жатыр. Өз ісінің мамандарымен сұқбат өткізіліп жатыр. Ол біз үшін көмек»

Ал оқушылар арасында өз саласын таппай екі ойлы болып жүргендер қаншама. Сондықтан Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында «Болашаққа бағдар» жобасы аясында психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Онда мамандар бітіруші түлектермен кездесіп, өз кеңестерін берді.

Алмас Қайыпов, Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының директоры: «Бүгінгі іс-шара кәсіби бағдар беру бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Негізгі мақсат – біздің оқушыларымызға мамандықты таңдауына көмектесу. Көбіне біздің оқушылар құқық, өнер саласын таңдап жатады. Техникалық мамандықтарды таңдайтындар аз. Сол олқылықты толтыру үшін, өндіріс орындарына барып, техникалық мамандықпен таныстырып жатырмыз»

Бүгінгі тағылымды тренингке 100-ден аса оқушы қатысты. Олар мамандарға өздерін толғандырған сұрағын қойып, жеке кеңестер алды. Сонымен қатар қоғамдағы өз орынын табу жолдарын үйренді.