Тəуелсіздік күні қарсаңында облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшылығы ұлағатты ұстаздарды мерекемен құттықтады. Білім саласы қызметкерлерімен басқарма басшысының орынбасары Болат Жанәбіл кездесіп, бала тәрбиесінде тер төгіп жүрген ұстаздарға жылы лебізін арнады.
Басқарма қызметкерлері берген мәліметке сәйкес, 1991-2015 жылдар аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында 395 жаңа мектеп, 44 балабақша салынып, пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда облыстағы 1022 мектептің 720-ы типтік мектеп болса, 302-сі ыңғайластырылған мектеп болып табылады.
Қазір облыс аумағында 584 089 оқушыға 66 4012 ұстаз білім беруде. Онымен қоса 8 кешкі мектеп, 12 коррекциялық, 4 республикалық, 7 жекеменшік мектеп жұмыс атқаруда.
Бүгінгі төл мерекенің қарсаңында ұйымдастырылған жиын барысында ұстаздар қауымы тәуелсіздіктің жемісті жылдарымен қатар 90-шы жылдардағы тоқырауда бастан кешірген қиын-қыстау кездерін еске алды. Ардагер мұғалімдер сол кезде мектептерде жылусыз, кейде, тіпті, жарықсызда білім берген кездерін айтты.
Көптеген ұстаздар еңбекақы мөлшерінің аздығы мен айлық жалақының айлап берілмеуінің салдарынан көпшілігінің базарларға кетуге мәжбүр болғаны да сөз болды.
— Дегенмен, қандай қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешсе де ұстаздар мектеп қабырғасын сақтап қалды, — дейді облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл. — Мұғалімдер өскелең ұрпаққа әліп үйретіп, терең білім алуларына жағдай жасады, бүгінгі білікті мамандардың қалыптасуына аянбай еңбек етіп, қаншама тер төкті. Осынау батыл іске тең айрықша еңбектері үшін ұстаздар қауымына бүгінгі ұрпақтың алғысы шексіз. Құрметті ұстаздар, еліміздің Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!