Сарыағашта мектеп оқушылары мен мұғалімдер жаппай уланды

1078

Сарыағаш ауданында мектеп оқушылары мен ұстаздар уланды. Ресми дерек бойынша 29 бала және 10 мұғалім өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген. 

Бұған дейін әлеуметтік желіде №9 мектеп мұғалімдері ғимарат ішін бояп жатқан, ал оқушылар білім ұясының екінші және үшінші қабатындағы терезелерді жуған сәттің видеосы тарады. Автордың айтуынша, сенбі күні барлық мұғалім мен оқушылар жөндеу жұмыстарына жегілген. Ұстаздардың арасында тіпті аяғы ауыр педагогтар да бар екен. Қыстың күні білім ұясына жөндеу жұмыстарын жасауға мектеп басшылығы бұйрық берген көрінеді. Ал бүгін, 5 ақпан күні мектепке келген мұғалімдер мен оқушылар уланған.

Жаппай улану дерегінен кейін Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы ауданға арнайы барып, жағдайды өз бақылауына алған. Облыстың бас ұстазы мектеп ұжымы және ата-аналармен кездесіп, екі жақтың уәжін тыңдаған.

«Дүйсенбі оқушылар мен мұғалімдер мектепке келгеннен кейін өздерін жайсыз сезініп, мектеп медбикесі алғашқы көмек көрсеткен. Жедел жәрдем шақырып, 29 бала, 10 мұғалімді ауруханаға тексеруге алып кетті. Аураханаға алып кеткен 29 оқушы, 8 мұғалімнің жағдайы бірқалыпты болғаннан кейін барлығы үйлеріне қайтарылды. Қалған 2 ұстаз ауруханада. Оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігі қатаң бақылауда» деп хабарлады білім басқармасынан.

Жаппай улану оқиғасынан кейін мектеп оқушылары алдағы 3 күнде қашықтан білім алатын болды. Аудандық прокуратура шағым негізінде тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Мектеп директорына және жауапты орынбасарларына тиісті шаралар көріледі.

(Фото: ашық дереккөз)