Ұжымда 30 маман қызмет етеді

Биыл шаһарамыздың оң өзгерістері мен келелі мәселесін қалт жібермей, қалың оқырманға ұсынатын «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттеріне 25 жыл толды. Саяси-қоғамдық басылымның таралымы бүгінде 15 мыңнан асып жығылады.

"Шымкент келбеті"
«Шымкент келбеті» басылымының ұжымы

Ұжым күн сайын тілшілер жиынын өткізеді. Таңертең жиналған топ кеңесіп, ақылдасып, жаңа нөмірді дайындайды, ондағы айдарларды бөлісіп, апта бойы шаһарамызда орын алған жаңалықтарды тізеді. Осылайша басылым жұма күні жұртшылыққа жол тартады.

Басылым редакциясының оқырманның қолына тиген дейінгі шаруасы қарбалас. Ақпарат іздеп, оны саралау, жазу, беттеу секілді қыруар жұмыстар атқарылады.

Жерлестеріміз шаһарамыздағы саяси тақырыптарды көбіне Раушан Мақымованың көзімен көреді, оның пікірімен санасады. «Шымкент келбеті» газетінде 6 жылдан бері қызмет ететін тілші қалың оқырманның мақалаға деген құштарлығын оятудағы құпиясымен бөлісті.

Раушан Мақымова
Раушан Мақымова

Раушан Мақымова, «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, жауапты хатшысы: «Көбіне саяси тақырыптарға қалам тартамын. Және міндетті түрде халық пен биліктің пікірін қоса жазып отырамын. Шымкенттегі саяси тақарыптарды жазғанда ауқымы кең мәселелермен бірге оқырманды жалықтырып алмас үшін міндетті түрде қызықты бір мәлімет қосамын. Мәселен, коммуналдық өзге де саяси мақалалар жазған кезде әзіл-қалжың, қағытпаларды мақаланың соңына енгізу арқылы оқырмандарымды жалықтырмай келемін.»

Міне, дәл осындай бағыт-қарқынмен «Шымкент келбетi», «Панорама Шымкента» газеттерiнiң таралымы бүгінде 15 мыңнан асып жығылды. Оқырманның қатары күн санап артып келеді. Газеттің директоры, бас редакторы Айгүл Қапбарованың айтуынша, редакцияда тілішілерге қойылатын талап жоғары. Және ақпаратты көпке жеткізудің де ерекше жолын тапқан.

Айгүл Қапбарова
Айгүл Қапбарова

Айгүл Қапбарова, «Шымкент келбетi», «Панорама Шымкента» газеттерiнiң бас редакторы: «Журналистерге қойылатын басты талап — жан-жақтылық пен іздену! Негізі, оқырмандарымыз қазіргі уақытта жалпы тақырыптан шаршаған сыңайлы. Сондықтан біз ақпаратты жалқы әдісті қолдана отырып, жеткізіп жүрміз. Мәселен, «Сарыағаш ауданындағы 1500 отбасыға табиғи газ жеткізілді» дегеннен көрі «Күләш әжей көгілдір отынға қол жеткізді» деген сияқты. Осы арқылы адамға жақындау, адамға түсінікті болу факторын үйренеміз. Және бұл бастама оқырманмен етене араласуға бастайтыны сөзсіз».

Еске салайық, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттері осыдан 25 жыл бұрын, шілденің 21-ші жұлдызында жарық көрді. Басылымның алғашқы бас редакторы — белгілі журналист Жұмамұрат Тұяқбаев.

Қаламгер газеттердің аяқтан тұрып, өз оқырманын табуына да ықпал жасаған. Редакцияда 10 жылға жуық қызмет еткен тілші, жауапты хатшы Әсел Хамзинаның ұжым бұған дейін талай соқпақты бастан өткергенін жасырған жоқ.

Әсел Хамзина, «Панорама Шымкента» газетінің жауапты хатшысы: «Біздің редакциямыз жабылып, жұмыстан қол үзген кездер де болды. Бірақ қиындыққа мойыған жоқ, ұжым қызметін қайта бастады. Күн-түн демей жұмыс жасады, өзінің қөғамдағы мәртебесін қайтарып алды. Шаттық бірліктермен, жас тілшілермен толықты, жаңа техникалық қондырғылармен жасақталды. Осылайша 2013 жылы облысымыздағы ең сапалы нысандармен қамтамасыз етілді».

Ұжымда 30 маман қызмет етеді
Ұжымда 30 маман қызмет етеді

Иә, қазіргі уақытта «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттері 25 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр, әрине, оқырманмен және әріптестерімін бірге. Айтпақшы, бұл шаңырақтан бүгінде республикалық телеарналар мен басылымдардың белді журналистері түлеген.

Шаһарамызда орын алған оңды істер мен  келелі мәселелерді қалт жібермей, тұрғындардың тынысын бақылап, қалың оқырманға ұсынатын ұжымда 30 адам қызмет етеді. Оның 15-і шығармашылық ұжым, яғни, тілшілер. Саяси-қоғамдық басылым алдағы күндері оқырмандары үшін жаңа айдарлар ашып, олардың талап-тілегі үшін қызмет етуін жалғастырмақ.

[youtube]https://youtu.be/4Z7AyWmEXvA[/youtube]