Тұңғыш Президент күнінде шымкенттіктерге еліміздің футбол федерациясы керемет сый жасады. Алғаш рет Қазақстанда «Оңтүстік» футбол академиясы біздің қаламызда ашылды.
«Биік» спорт кешенінде жұмысын бастаған академияда 65 бала шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алып отыр. Испанияның әйгілі Барселонасынан бес маман жаз бойында Шымкентте арнайы іріктеу жасап, 650 жеткіншектің арасынан 65-ін ғана үш топқа қабылдаған болатын. Келесі жылы топтың қатары арта түспек. Сондай-ақ, мұндай академия еліміздің бірқатар облыстарында да ашылады деп жоспарланып отыр.