Қазақстандағы ең ірі жылыжай «Аделяда» қияр егу басталды

553
Аделя жылыжайы

Оңтүстікте орналасқан Қазақстандағы ең үлкен жылыжай кешені биыл алғашқы көшеттерін отырғызуға әзір. Жалпы ауданы 11 гектарды құрайтын шаруа қожалығы 5 гектар аумаққа қияр өсіруге бел буып отыр. Осылайша еліміздің орталығы мен солтүстүгі тұрмақ, көрші Ресейді де көкөніске қарқ қылмақ.

Аделя жылыжайы

Алып кешен Аделяны аяқтандыруға «ҚазАгро» ұлттық холдингі 2 млрд 200 млн теңгеге жуық инвестиция тартқан. Осындай тау тірлікті Оңтүстіктің шенеуніктері, тіпті, Елбасыға да көрсеткен болатын. Былтыр мемлекет басшысы ерте көктемдегі өзінің ресми сапарында жылыжайдың жұмысымен танысып қайтты.

Жоғары өнімділік пен тың технологиялар пайдаланылатын қожалықтың ісіне оң бағасын да берді. Бірақ Президенттің сапарынан соң жылыжайға келу тілшілер үшін қиынға соғыпты. Оған біздің түсіру тобы да көз жеткізді.

Ақыры Астанадан араша сұрап, жылыжай басшылығымен тілдесу арқылы араға үш сағат салып, кешенге кірдік. Мұндағы тіршілік қайнап жатыр екен.

Тізбектелген тіркемелерді сүйреген шағын ғана техникаға мінген маман көшеттерді тасымалдаумен шұғылданып жатыр. Қазір жылыжайда 180 мың түп өскін бар. Оны күтіп-баптаумен айналысып жүргендердің бірі — Жанар Исмаилова. 17 күннен бойы көшетті керекті минералдармен қамтыған жұмысшы енді оларды отырғызуға дайындалып жатыр.

Аделя жылыжайы

Жылыжайға газ тартылған. Мұндағы температура 18 градустан төмен түспейді. Ал агрономдар әр сәтті қадағалауға міндетті.

Дмитрий Ковченко, бас агроном: «Қазір біз қиярдың «Неймар» сұрыпының көшетін әзірлеп болдық. Енді оны еге бастаймыз. Оның өнімділігі жоғары. Күніне 4-5 тонна қияр аламыз. Ал келісін 600-700 теңгеден сатамыз. Біз өнімді Қарағанды, Астана қалалары мен Солтүстік Қазақстан өңірі және көрші Ресейге жөнелтеміз.»

Пісіп-жетілген дайын өнімдерді арнайы қорапшаға салып, жүк көліктеріне артады. Олардың әрқайсының салмағы — 11 келі. Былтырдың соңында терілген қиярдан аз ғана қалған.

Әзірге мұндағы жұмысшылардың бар тірлігі — іргедегі жылыжайға көшеттерді тасымалдау. Сондықтан ауыртпалық аса үлкен болмағандықтан, 150 еңбеккердің ішінен осы маңайдағы ауыл жұртының санаулысы арнайы шақыртылған.

Мақсат Жақсыбаев