Оңтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары халықаралық байқауда гран-при жеңіп алды. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның шығармашылық ұжымы биыл Алматыда алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақстанның розасы» халықаралық би байқауында «Халықтық сахналық би» аталымы бойынша бас жүлдені жеңіп алды.
Бұдан бөлек топ құрамындағы бірнеше биші арнайы дипломдармен марапатталды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі. Жеңімпаз «Қазына» би тобы алты қыз және алты жігіттен құралған.
Бес күнге созылған сайысқа Қазақстан, Ресей, Болгария елдерінен 50-ге жуық топ қатысып, оннан астам аталым бойынша бақ сынасты. Осы байқаудың жеңісімен қоса «Қазына» би ансамблі алдағы мамыр айында өтетін халықаралық байқауға жолдамаға ие болды.