Құрылыс заттарын сатушылар ескерту алды

277
Құрылыс заттарына қатысты рейд

Қаланың көркін қашырып, жабайы саудасын қыздырып отырғандармен күрес жалғасып жатыр. Таяуда Шымкенттегі Әл Фараби ауданы әкімдігінің мамандары кезекті рейд ұйымдастырды.

Бұл іс-шараға жер қатынастары және мемлекеттік кірістер басқармасының өкілдері де қатысты. Сондай-ақ, жергілікті полицияның қызметкерлері де төбе көрсетті. Бірақ, арнайы шақыртумен келетін учаскелік инспекторлар ескерту алды.

Құрылыс заттарына қатысты рейд

Кезекті іс-шара ескі қалашықтан басталды. Әйтеке би, Төле би көшелеріндегі жабайы саудамен әкімдік қызметкерлері жылдап күресіп келеді. Нәтиже жоқ деп айтуға болмайды.

Дегенмен, бұл жолғы рейдке арасында жергілікті полиция қызметкерлері кешігіп келді. Өзінің міндетін мінсіз атқармақ түгілі, заңсыз сауда қатарын жаба алмай отырған инспекторларды аудан әкімінің орынбасары сынға алды. Айтуынша, әр учаскелік инспектор өзіне тиесі аумақты күнделікті аралап, қатаң бақылауға алса, мұндай ретсіз сауда болмайды дейді.

1,5 сағаттан кейін екі учаскелік инспектор төбе көрсетті. Тауарын жол жиегіне жайып қойғандарға еш ескертусіз әкімшілік хаттама толтыру басталды. Өйткені — бұл алғашқы шара емес. Бұған дейін бірнеше рет ескерту алып, жазаланғандар көп мұнда. Қайта-қайта салынған айыппұл жеке кәсіпкерлердің қалтасын қақса керек, нәтиже шығарып жатқандары да бар.

Ал мұндағы ақылы тұрақтан мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары бейхабар. Әр көлікке беріп жатқан қағазының қаншалықты заңды екені алдағы уақытта тексеріледі деп қалды.

Кейбір кәсіпкерлер қолда бар құжатын көрсетіп, өздерін ақтап алуға тырысты. Бірақ, ол құжаттағы жерге жабайы саудасын жаюға рұқсат берілмеген. Қайта дүкен алдын көгалдандыру үшін деп жазылған.

Рейдтің нәтижесінде бірнеше кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылды. Оларға 5 АЕК мөлшеріндегі айыппұл салынады. Сомасы — 10 мың теңгеге жуық.

Ернар Балабеков