Шымкентте ағайынды екі жігіт бірінің қайын атасын ұрып өлтірген. 52 жастағы тұрғынның жансыз денесін көршілері тауып алған.
Әл Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері шұғыл іздестіру нәтижесінде осы іске қатысы бар деген күдікпен марқұмның күйеу баласы мен оның інісін ұстады.
27 және 29 жастағы ағайынды жігіттер сол күні таңғы сағат 6-да марқұмның, яғни үлкен ағасының қайын атасына қонаққа барған. Ішімдік ішіп алған жігіттер сөзге келіп қалады. Оның соңы төбелеске ұласқан.
Дүрдараздық кезінде үлкен кісіні қылқындырып, жерге құлатқан екеу жабылып, аяусыз ұрып-соққан. Ауыр дене жарақатын алған қала тұрғыны өз үйінде жан тәсілім етті. Мұны көрген күдіктілер оқиға орнынан қашып кетеді.
Дегенмен, олар алысқа ұзай қойған жоқ. Қазір ағайынды жігіттер қамауда жатыр. Үстерінен кісі өлтіруге қатысты қылмысты іс қозғалды.