Оңтүстікте жұмысшылардың жалақысын өтеуден жалтарған 40 мекеме анықталды. Еңбеқасын уақтылы төлемеген жұмыс берушілердің жалпы қарызы 235 млн теңгеден асып жығылады. Бұл туралы облыстың бас еңбек инспекторы Бастар Есқараев мәлімдеді. Тілшілердің басын қосып, өткен жылы тындырған тірліктеріне тоқталған басшы еңбек кодексінің даулы тұстарына да шолып өтті.
Жаңа еңбек кодексінде жұмыс берушіге өзінің көңілінен шықпаған кез келген жұмысшыны босатуына мүмкіндік беріледі деген сөз емес. Оның үстіне жұмыстан шығару талаптары бұдан былай күшейтіліп отыр. Жұмыс берушінің еңбеккерді басқа орынға ауыстыру мүмкіндігі болмаған жағдайда да оны қызметінен босата алады.
Қысқартпас бұрын кәсіподақ ұйымына дәйекті мәлімдеме 15 күн бұрын жіберілуі тиіс. Және босаған жұмыс орны жойылуы қажет.
Жаңа еңбек кодексінің осындай өзекті тұстары талқыланып болған соң Есқараев мырза былтыр жалақы қарызы бар борышкер мекемелерге де тоқталды.
Өндірістегі жазатайым оқиғалар да азаяр емес. Былтыр облыста 100-ге жуық оқыс оқиға тіркеліп, осыншама адам зардап шеккен. Оның ішінде 40 еңбеккер ауыр дене жарақатын алса, 21 жұмысшы қайтыс болыпты.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары жазатайым жағдайларға тек жұмыс берушілер ғана емес, жұмысшылар да кінәлі деп отыр. Осыған байланысты қолданыстағы еңбек кодексінде өтемақы өндірудің жаңа талаптары енгізілген.
Айта кетейік, құзырлы мекеме еңбек заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында өткен жылы 800-ден аса тексеру жүргізген. Анықталған заң бұзушылықтар негізінде 700 ге жуық нұсқама беріліп, айыппұл салыныпты.