Оңтүстік Қазақстан облысында Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне еріктілерді дайындау жұмыстары басталды. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстық кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының ұйытқы болуымен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да іріктеуден өткен ерікті студенттермен кездесу ұйымдастырылды.
Бүгінге дейін еріктілер жайлы мәліметтерді жинақтаған «Оңтүстік» туризм орталығының мамандары оқытушылардан бөлек 180-ге жуық студенттің құжаттарын қабылдап, 100 еріктіні лайықты деп тапқан. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Іріктеуден сүрінбей өткендер үшін арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылмақ. Халықаралық көрме кезінде еріктілердің жататын орны мен тамақтандыруға жұмсалатын барлық шығынды «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы өтейді.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне шетелден келген қонақтарға гид-экскурсоводтық қызмет көрсетуге 3 мыңдай ерікті жұмылдырылмақ. Олардың 1500-і Астана қаласынан болса, қалғаны аймақтардан барады.
18 бен 29 жас аралығындағы жастарды еріктілер қатарына қабылдау шаралары көктемге дейін жалғасады. Ол үшін үміткер ағылшын тілін жетік біліп, тарихымыздан хабары болуы тиіс. Осы жұмыстар аясында 22 қаңтар күні үміткер еріктілердің қатысуымен «EXPO-ны қарсы аламыз!» гранд-балы өтеді деп жоспарлануда.