Оңтүстікте 2015 жылы 970 млн теңге игерілмей қалды

184
ОҚО әкімдігі

Оңтүстікте былтыр 970 млн теңгеге жуық қаражат игерілмей қалды. Оның 30 пайызы облыс әкімдігінің резервіне тиесілі, ал 400 млн теңгесі үнемделген қаржы санатында. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кезекті мәжілісте айтылды.

ОҚО әкімдігіЖылды қорытындылаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Арман Абдуллаевтың айтуынша, былтыр жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары асыра орындалған. Нәтижесінде қазынаға 9,3 млрд теңге артық түсіпті. Есепті кезеңде барлық аудандар да жоспарды еселепті.

Тек сандарды сөйлеткен басқарма басшысының баяндамасы облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың көңілінен шықпады. Өңір басшысы Арман Абдуллаевтан егжей-тегжейлі талдау мен нақты стратегиялық жоспар талап етті.

Облыста химия және металлургия өнеркәсібінде өнімділік төмен. Оған қоса Бәйдібек, Қазығұрт және Сайрам аудандары индустриаландыру картасы аясында бірде-бір жобаны іске асырмаған. Саладағы осындай кері тартпа проблемаларды атап өткен басқарма басшысы бұл мәселелермен күресу үшін арнайы жұмыс тобын құрыпты.

Есесіне ауыл шаруашашылығында ауыз толтырып айтарлық жетістіктер көп. Былтыр өнім көлемі 344,6 млрд теңгені құрапты. Жылыжай кешендері көбейіп, мемлекеттік бағдарламалар жоспарлы кестемен орындалған. Биылдың жоспары да айқын. Ақ алтын алқабын ұлғайтып, тоқыма кластерін жолға қою көзделіп отыр.

Облыс әкімі басқарма басшылығына нақты стратегиялық жоспар жасауды тапсырды. Бұл жоспар облыстың даму жоспарының аясында түзілуі тиіс.