Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде 4 жаңа басқарма құрылды. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі аппарат басшысының орынбасары Әсет Байсынов мәлім етті.
Әсет Байсынов айтуынша, облысты басқару сызбасы бойынша әкімдікке қарасты 19 басқармадан кейбір міндеттер алынып, жаңадан қосылған 4 басқармаға жүктелу жайы 15 қаңтар күні өткен облыстық мәслихат сессиясында бекітілген. Содан кейін облыс әкімінің қаулысымен басқармалар құрылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты.
Атап айтқанда облыстық жастар саясаты басқармасы, облыстық дін істері басқармасы, облыстық жер инспекциясы басқармасы және облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы құрылды. Ал тіл істері облыстық мұрағаттар және құжаттама басқармасына қосылса, міндеттемелері алынған басқармалар облыстық білім басқармасы, облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық энергетика және тұрғын үй шаруалығы басқармасы, облыстық жер қатынастар басқармасы болып қайта құрылды.
Таяуда жаңадан қабылданған мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі негізінде ОҚО әкімдігінің әдеп жөніндегі уәкілі болып Ә.Байсынов тағайындалған болатын. Жиында өзіне жүктелген міндеттерді тарқатып айтқан Әсет Ибраимұлы қызметтік әдеп нормаларының сақталуын қадағалап, өз функциялары шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес берумен айналысатынын атап өтті.
Бұдан бөлек облыс әкімінің бастамасымен «Оңтүстік» талдау тобы құрылғаны айтылды. «Болашақ» бағдарламасының түлектерінен құрылған топ бүгінде кадр саясатының даму стратегиясын талдауда.