Оңтүстіктен Солтүстікке 400-ден астам отбасы қоныс аударады

385
СҚО әкімдігі

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан Солтүстік аймаққа 400-ден астам отбасы қоныс аударуы мүмкін. Қазіргі таңда сол жаққа көшуге ниет білдірген 458 отбасының 50-і, 200-ге жуық оңтүстікқазақстандық Солтүстікке көшіп, «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы арқылы жұмыспен, баспанамен қамтылған.

СҚО әкімдігіАл қалған отбасылар үшін Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар қарастырып, құжаттарын реттеуде. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қоныс аударған жерлестеріміздің дені құрылыс, білім беру, ауыл шаруашылығы мен медицина салаларында еңбек етіп жатыр.

Еске салсақ, өткен жылдың маусым айында өңірімізге Солтүстік Қазақстан облысының арнайы делегациясы келіп, аймағымыздың жұмысқа қабілетті азаматтарын солтүстікке шақырған. Теріскейлік отандастарымыз үй және басқа да әлеуметтік көмектер ұсына отырып, жұмысқа шақырды.

Арада көп өтпей облыс әкімінің орынбасары Е.Айтахановтың жетекшілігімен арнайы топ Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, сондағы 13 ауданның еңбек нарығындағы ахуалмен танысып қайтты.