Отандық кәсіпкерлер дүниежүзілік сауда ұйымының пайдасына кенелудің жолын қарастыра бастады. Оңтүстіктің бір топ кәсіпкерлері аталмыш ұйымға мүше болудың артықшылығын таразылады. Шетелге тауар шығарып, жаңа өндіріс орындарын ашудың жолын қарастырды.
Ұлбосын Рүстемова — Сарыағаш ауданының тұрғыны. Ол соңғы жылдары мақта шаруашылығына ден қойған. Көрші Өзбекстанның мақтасын Қазақстан нарығына өткізіп, тасын өрге домалатып жүр. Ал былтыр бизнестің бағытын Ресейге бұрыпты. Азды-көпті жинаған «ақ алтыннан» шамалы ғана пайда көрген. Сондықтан ол биылғы сауда-саттыққа тас-түйін дайын болуды көздеп отыр
Ұлбосын Рүстемова, жеке кәсіпкер: «Ойланып тұрмыз, қалай болады екен деп. Мен, мысалы, ол жақтан сатып алдым. Ресейге жіберетін болсам, бірлікпен жіберетін болсам, маған дүниежүзілік сауда ұйымының кедендік ақысы оңай болып тұр. Ал үшінші бағыты бойынша жұмыс істейтін болсам, маған қымбатқа түседі, оған да пайда емес.»
Еліміздің дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу мүмкіндігі экономиканы жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындар шетел нарығына шығып, тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасалады. Жаңа өндіріс орындары ашылады. Жалпы айтқанда, шетел инвесторлары мен серіктестіктері үшін Қазақ елі бұрынғыдан да тартымды бола бастайды.
Ғалымжан Орынов, облыстық мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары: «Сарыағаш өңірі өзгеше өңір, өзгеше аймақ. Сондықтан біз бүгінгі болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды түсіндіруді жөн санап отырмыз.»
Оңтүстік Қазақстан облысы — аграрлы аймақ. Мұнда ауыл шаруашылығы мен жеңілөнеркәсіп жақсы жолға қойылған. Бау-бақша өнімдері ішкі нарықтан бөлек жыл сайын шетелге импортталады. Бір ғана қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасындағы «Қапланбек» кеден бекетінен өткен жылы 21 млн шетел валютасының тауары өткізілген. Ал жаңа жылдан бері 200 мыңға жуық АҚШ долларының заты экспортталған.
Бауыржан Балтаев, «Қапланбек» кеден бекетінің бас маманы: «Өзбекстаннан Қазақстан Республикасына алып келінетін заттар — ол трикотажды бұйымдар, түрлі профильдер. Күніне 2-3 машина өтуі мүмкін, бірақ, жазға қарай көбейеді.
Енді отандық кәсіпкерлер үлкен ұйымның сауда нарығына түседі. Ал сауда жүрген жерде пайда қатар жүреді. Сондықтан біздің еліміз үшін, ең алдымен, сыртқа өнім шығарып, тауар түрін таңдауға мүмкіндік туды. Және шетелден инвестиция тартып, жаңа өндірістерді өркендетуге жол ашылмақ.
Мақсат Жақсыбаев