Шымкент қаласына қарасты Оңтүстік шағын ауданында болған төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлайды.
Еске сала кетейік, Чапаевке елдімекеніндегі Лермонтов көшесі, №1 «Б» және Ташкент көшесі №2 «А» үйлердің арасындағы Деповская көшесі, №21 үйдің ауласында 3-4 қаңтар күні диаметрі 1000 мм кәріз коллекторы жарылған. Осы төтенше жағдайға орай қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Е.Сарыбаев БАҚ өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.
-Төтенше жағдайдың туындауына басты себептің бірі — ауа райы факторы, — деді қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов. — Үздіксіз жауған жаңбыр суы жер қыртысының қабаттарына терең бойлап еніп, жердегі ылғалдылықтың басымдығынан жер қыртысы тұрақсыздынып, опырылып қалды. Сол кәріз коллекторы жердің астында 3-4 метр тереңдікте жатыр. Бұл коллектор ТЭЦ-3, «ПКОП» ЖШС және индустриалдық аймақта, ет комбинаты, Чапаевка, МЖК елдімекендерінде орналасқан басқа да өндірістік нысандардың кәріз сулары өтуі үшін 1964 жылы салынған. Жалпы ұзындығы — 5,6 шақырым.
Осы төтенше жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылды. Жедел топ 6 қаңтарда құзырлы орган өкілдерімен бірге коллектордың техникалық жағдайын зерттеп шығып, тозығы жеткенін және тордың шіріп кеткенін анықтады. Комиссиялық тексерістің қорытындысы бойынша анықталғаны — оң жақта 115 нысан орналасқан. Оның ішінде 70 нысан санитарлық қорғаныс аймақтың үстінде тұр. Оның 24-і — тұрғын үй. Ал сол жақта 90 нысан бар, оның ішінде 50 нысан санитарлық қорғаныс аймақты бұзған. Ішінде 20 үй бар.
6 қаңтар күні Шымкент қаласы әкімдігінде төтенше жағдайларды алдын алу және жою комиссияның отырысы өткізіліп, жергілікті маңыздағы төтенше жағдай жарияланды. Ал 7 қаңтарда опырылыс аймағы қосымша зерттеліп, бүгінгі таңда бұл маң басқа жерден опырылмағаны анықталды.
Лермонтов көшесі, №1 «Б» және Ташкент көшесі, №2 «А» үйдің 13 адамы қауіпсіз жерге көшірілді. Зардап шеккендерге МЖК жатақханасының 4 бөлмесі дайындалған. Алайда тұрғындар одан бас тартып, туыс-туғандарының үйлеріне қоныстады. Бірақ, балалардың оқуына байланысты олар жақын жерден үй сұраған. Сондықтан қазіргі таңда тұрғындардың талап-тілегіне орай қолайлы үй тауып беруге арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр.