Құбырыңыз жаңарса, таза су ішесіз. Шымкенттегі 1700 көп қабатты үйдің тең жартысының тұрғыны құбырдың тозғанынан сапалы су іше алмай отыр. Мұны мамандар да мойындайды. Сондықтан жертөледегі ауызсу құбырын ауыстыруға кеңес береді.
Ольга Батурина су есептеуіш құралдарындағы көрсеткішті алуға жертөлеге түседі. Ал осыдан екі ай бұрын су есептегішті қадағаламақ түгілі, жертөлеге түсу мұң болатын. Өйткені әбден тозығы жеткен су құбырының әр жерінен су ағып, үйдің асты суға толған еді. Құбырлар жаңартылғалы жұмысы да жеңілдеп, кіріп-шығу оңайға түскен.
Ольга Батурина, Шығыс шағынауданындағы №14 үй төрайымы: «Мұнда судан жүріп-тұру мүмкін емес еді. Құбырдың тесігінен орынсыз аққан суға өзіміз төлейтінбіз. Бұл күнде артық шығыннан да құтылдық. «Су арнасының» мамандарына рахмет. Несиеге пайызсыз ауыстырып берді. 1 жылда бөліп төлейміз. Бұл біз үшін өте тиімді.»
Мамандар жертөледегі құбырларды ауыстыруға кеңес береді. Сол кезде артық шығыннан құтылып, таза су ішуге болады. Ал оған дейін артық шығыннан құтылу мүмкін емес.
Мақсат Батырханов, учаске басшысы: «Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл үйдегі су құбырының әбден тозығы жеткен. Тұрғындар құбырды ауыстырып беру бойынша өтініштерін білдірді. Несиеге пайызсыз ауыстырып бердік. Тұрғындарды тәулігіне 24 сағат бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету — біздің басты мақсатымыз.»
Шымкенттегі 1700 көп қабатты үйдің тең жартысындағы құбырды ауыстыру қажет дейді мамандар. Өйткені олардың жарамдылық мерзімі өткен.
Коммуналшылардың айтуларынша, темір құбырлар бар жоғы 25 жыл ғана қызмет жасайды екен. Одан кейін шіри бастайды. Ол адам денсаулығына кері әсерін тигізіп қана қоймай, су қысымының төмендеуіне де ықпал етеді. Ал полипропиленді құбырлар 50 жылға жарамды.
Егер де сапалы су ішіп, түрлі дерттен аулақ боламын десеңіз, «Су арнасы» мекемесі мамандарының қызметіне жүгініп, құбырыңызды ауыстырыңыз. Ол үшін тұрғындардың келісімі болса болғаны.
Асқар Сәтпаев