Шымкент қаласында қоғамдық көлік жүргізушілері арасында орын алған жанжал бойынша қылмысты іс қозғалды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Еске салайық, қалада жолаушылар тасымалдайтын екі көліктің жүргізушісі жаға ұстасып қалды. Оқиға 19 қаңтар күні болған. Екі шағын автобустың жүргізушілері ғана емес, кондуктары да төбелесіп қалады.
Осы оқиғаны тексерген полицейлер жанжалдың Шымкенттегі Гагарин және Жиделібайсын көшелерінің қиылысында орын алғанын анықтады. Төбелес жайлы хабарлама қалалық ішкі істер басқармасының жедел басқару орталығына таңертеңгі сағат 10 шамасында түскен.
Сол жерге келген полицейлер №87 бағыттағы қоғамдық көліктің 30 жастағы жүргізушісі Жиделібайсын көшесімен келе жатып, бір бағытта келе жатқан, 27 жастағы жүргізушінің басқаруындағы №145 қоғамдық көліктің артынан соғып, жол-көлік оқиғасын жасағанын анықтады.
Соның салдарынан жүргізушелір мен кондукторлар арасында келіспеушілік туындайды. Дегенмен, ол азаматтардан полицияға шағым түспеген.
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасын жасаған №87 бағыттағы қоғамдық көліктің жүргізушісінің үстінен полицейлер Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша әкімшілік хаттама толдырды. Ол бап «Көлік құралдарын жүргізушілердің жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген ережелерін адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің зақымдануына әкеп соқтыратындай бұзуы» деп аталады.
Бұған қоса жүргізушілер мен кондуторлардың қоғамдық орында тудырған жанжалы бойынша Шымкенттегі Абай полиция бөлімінде қылмысты кодекстің 293-бабымен қылмысты іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.