Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы Дихан ауылындағы отбасылардың бірі үшін 2016 жыл қайғылы басталды. 31 желтоқсан күні отағасы үйден шығып кетіп, қайтып оралмаған.
Бұл туралы құтқарушыларға суыт хабар 4 қаңтар күні түскен. 60 жастағы қарт кісіні 3-4 күн бойы іздеген туыстары мен ауылдастары жоғалған кісі ауылдың жанындағы каналға ағып кетті деп қауіптенеді.
Павел Вишенин, ОҚО ТЖД шұғыл құтқару жасағының ресми өкілі: «4 қаңтар күндізгі сағат 12-ге жетпей төтенше жағдай департаментінің кезекшісінен хабар түсті. Біздің мамандардан ауыл тұрғындары көмек сұрап, жоғалған адамды табуды өтінген. Сағат 11:25-те 5 маманнан тұратын топ сол жерге аттанды. Сүңгуірлер марқұмның денесін бірнеше сағат бойы іздеді…»
Сол күні сағат 15:48-де Өзбекстан шекарасынан 100 мерт жерде, каналдың түбінен, 4,5 метр тереңдіктен марқұмның денесі табылды. Мәйіт жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырылды.