Шымкентке жуырда ғана қоныс аударған Елеуовтер отбасы көмекке зәру. Бес баласының үшеуі сал ауруына шалдыққан. Үкімет тарапынан алатын мемлекеттік жәрдемақыға дәрі-дәрмектен артылмайды. Ал азық алуға ақша жоқ.
Көмекке мұқтаж көп балалы отбасы Еңбекші ауданына қарасты Алатау көшесінде тұрады. Бес баланың үшеуі сал ауруына шалдыққан. 7 жастан 10 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің дәрімен қамтылуының өзіне қомақты қаражат қажет. Ал отағасының жұмыс істемей үйінде отыруына өзіндік себеп бар. Айтуынша, үш ауру балаға қарау әйеліне әжептеуір жүк түсіреді.
Бұл балаларға мемлекет жәрдемақысын төлеп отыр. Бірақ, оның басым бөлігі жалдамалы пәтердің ақысына, қалғаны мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерінің тамағы мен ем-домына жұмсалады. Баспана кезегіне тұрғанымен, бүгін-ертең жылжымайды. Мұны түсінген жас отбасы жомарт жандардан көмек сұрайды. Егер қайырымды жандар табылып жатса, бұл отбасымен редакция арқылы байланысуға болады.
Шынар Оразова