Күнгей халқы биыл дүркіретіп Наурыз мерекесін тоғыз күн тойламайды. Бұл туралы Астанада 2015 жылы өңірде атқарылған жұмыстарды қорытқан облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті. Есептік жиында облыс әкімі журналистердің сауалдарына жауап беріп, келер жылғы жоспарларымен де бөлісті.
Сонымен, қой жылы күнгейде тындырылған тірлік көп. Барлық салада өсім бар. Өнеркәсіп саласында 668 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл — еліміз бойынша бесінші орындағы көрсеткіш.
Бір жылдың өзінде 27 өндіріс орны ашылып, бұл бағытта 12 455 адам тұрақты жұмыс тапқан. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы да қарқынды. Қазір өңірде 184 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субектілері жұмыс істейді. Еліміздегі әрбір жетінші кәсіпкердің бірі — біздің жерлес.
Аграрлы аймақта ауыл шарушылығы бағытындағы атқарылғын жұмыстар да бірізді. Былтыр күнгей шаруалары құны 344 млрд теңгенің өнімін өндірген. Суармалы жер көлемі 19 мың гектарға артқан. Осындай ауыз толтырып айтарлық шаруалардың нәтижесінде әлеуметтің әлеуеті артыпты.
Өңірде халықты баспанамен қамту жоспары да өз деңгейінде орындалуда. Айта кетейік, былтыр Шымкентте «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 4271 пәтерлі 74 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін облыста тағы 2 мыңға жуық пәтер тапсырылатын болады.
Әкімнің айтуынша, биыл тапсырылатын үйлердің 35-і, яғни, 1260 пәтер облыс орталығында пайдалануға беріледі. Құрылыс саласындағы тындырымды тірліктерді тізбектеген өңір басшысы апатты мектептердің мәселесін де шешуге уәде етті.
Биыл өңір жұртшылығы Наурыз тойын былтырғыдай 9 күн тойлай алмайды. Ұлы тойдың бір айға созылатын ескерген өңір басшысы той тойлайтын кезең емес екенін астарлап, ел қатарлы ресми түрде үш күн атап өтетінін мәлімдеді. Алда атқарылар шаруа көп. Сондықтан тап қазір уақыт пен қаражатты үнемдеп жұмсау маңызды.