Облыстық төтенше жағдай департаментінің мамандары Ордабасы ауданында оқу-жаттығу өткізді. Арнайы топ Н.Нысанбайұлы атындағы орта мектепте сейсможаттығу ұйымдастырды. Бұл туралы ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобы хабарлайды.
Іс-шараны аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар бөлімі бірлесіп ұйымдастырып отыр. Жаттығуға аудандағы барлық мектеп директорлары, ауылдық округтердің әкімдері, ұйымдардың басшылары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Ғалым Үсенбаев жаттығуды ашып беріп, аудан көлемінде ұйымдастырылған сейможаттығуға және төтенше жағдайлар кезінде азаматтық қорғау басқару органдарының іс-қимылдарына назар аударды. Ал бұл жаттығудың мақсаты жер сілкінісі кезінде халықтың ақпараттандырылуын және төтенше жағдай кезіндегі іс-шаралардың деңгейін арттыру жүзеге асыру болатын.
Бұдан кейін белгіленген уақытта дабыл соғылып, мұғалімдер мен оқушылар мектеп ғимаратынан қауіпсіз жерге шығарылды. Эвакуация кезінде барлық іс-қимылдар тәртібі сақталды.
Жоспар бойынша қауіпті сәттер де назардан тыс қалған жоқ. Екінші қабатта қалған зардап шеккендер қалып қойыпты. Оларға көмек көрсету қажет. Осыған орай кәсіби мамандар іске кірісті. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары арнайы альпинистік құралдарды пайдаланып, жоғарғы қабатқа шығып, адамдарды қауіпсіз жерге алып шықты. Осы кезде өрт шығып, аудандық № 8 өрт сөндіру бөлімінің мамандары шартты өрт ошағын сөндірді.
Бұл маңда аудандағы барлық азаматтық қорғау күштері жұмылдырылған. Әкімшілік полиция қызметкерлері аумақты қоршауға алса, жедел жәрдем дәрігерлері зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетті. Бұл кезде аудандық байланыс торабының жұмысшылары байланыстың тұрақтылығын қадағалап отырды.
Сейсможаттығудың соңында әкімнің орынбасары Ғалым Үсенбаев барлық қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін алғыс білдірді.
Төтенше жағдай департаменті мамандарының мәліметінше, Ордабасы ауданы 6 балдық сейсмоқауіпті аймаққа жатады. Бұған қоса осы аумақтың сейсмикалық жағдайы болуы мүмкін селдің жүруімен қауіпті. Осыны ескере отырып жергілікті билік барлық деңгейдегі басшы құрамның дайындығына көңіл бөледі. Бұл, әсіресе, мектеп басшылары үшін өте маңызды.
Аудандағы білім ошақтарының ұжымдары ең қауіпті табиғи құбылыс — жер сілкінісінің пайда болу себептеріне қысқаша тоқталып, практикалық іс-шаралар өткізуде. Бастауыш және жоғары сыныптарда түрлі тақырыптарға ашық сабақтар өткізілген.