Шымкентте көктемгі тазалық жұмыстары басталды. Қаладағы барлық коммуналды қызметшілер аумақты көгалдандыру, тазалау жұмыстарына белсенді жұмылдырылуда. Бұл тұста облыс орталығының туристік нысандары, сауда үйлері, базарлар маңы ретке келтіріледі.
— Шараның мақсаты — қала аумағының тазалығын сақтау, сонымен қатар, жергілікті тұрғындары мен қонақтарының жеке мәдениетін қалыптастыру болып табылады, — дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлік бөлімінің туризмді дамыту секторының меңгерушісі Нұргүл Мамырбай. – Бүгінде Шымкент қаласында 58 қонақ үй болса, оның басым бөлігінде, атап айтқанда, «Риксос», «Қайнар», «Стандарт Сапар», «Альтаир», «Алтын Қазына», «Канвас», тағы басқаларында тазалау жұмыстары жүргізіліп, ретке келтірілді. Бұл жұмыстар өз кезегінде, қаланы заман талабына сай, сәулеттік және мәдени тұрғыдан дамытуға серпін берері сөзсіз.
Тазалық жұмыстары белгіленген нысандардың айналасы мен ішкі бөлмелерін де қамтиды. Аталмыш шара 6 наурызда өтетін жалпы қалалық сенбілік жұмыстарына дейін жалғасатын болады.