Шымкентте «SКАТ» ұшағының апатына байланысты сот отырысы жалғасты. Іске қатысты кәугерлердің басым бөлігі шымкенттік болғандықтан, көшпелі сот отырысын өткізу соңғы тыңдауда айтылған. Бұған дейін Алматыда 21 адамның өмірін қиған ұшақ апатына кінәлі деп айыпталған  «SКАТ»әуе компаниясының ұшу қызметінің директоры өзіне тағылған айыпты мойындамаған еді.

Атышулы іске қатысты көшпелі сотта 49 куәгер тыңдалады. Олардың саны тым көп болғандықтан, сот отырысы 12 ақпанға дейін жалғасуы мүмкін. Сот төрағасының айтуынша, бұл іске қатысты екі жәбірленуші мен 49 куәгер бар.

«SКАТ» әуе компаниясының ұшу қызметінің директоры Вячеслав Артеменко ауа райының қолайсыздығына қарамастан, экипаж мүшелеріне ұшуға рұқсат берген деп айыпталып отыр. Прокурорлардың айтуынша, әуе компаниясы ұшу жұмысы мен экипаж мүшелерінің демалысы ережелерінің бұзылуына жол берген. Егер айыбы дәлелденсе, 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруы мүмкін.

Еске сала кетейік, 2013 жылдың 29 қаңтарында Көкшетау қаласынан ұшып шыққан «CRJ-200» Алматы іргесіндегі Қызылту ауылының маңында құлаған еді. Ұшақта болған 16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі оқиға орнында мерт болды.