Судьялар: «Оңтүстікте өршіп тұрған еңбек дауы жоқ»

355

Еңбек даулары ең алдымен комиссияларда қаралауы қажет. Егер реттелмесе, сотқа беріледі. Іс азаматтық істер жөніндегі сотта қаралады.

Ал негізі, Оңтүстікте өршіп тұрған еңбек дауы жоқ. Сот мәжілісінде қаралған мәселелер дер кезінде шешімін тауып жатады. Бұл туралы облыстық сотта өткен дөңгелек үстел барысында мәлім болды.

Жаңа еңбек кодексінің ерекшеліктерін талқылаған судьялар еңбек дауларын шешудің жолдарын қарастырды. Еңбек шарттарын жұмыс беруші немесе жұмыскер бұзған жағдайда екеуінің де құқығы сақталуы сөз болды.

Түгел Бекімбетов, ОҚО сотының азаматтық істер алқасының төрағасы: «Бізде, Оңтүстік Қазақстан облысында даудың көбісі жұмыстан босату турасында түсіп жатыр. Бірақ, ауданнан келіп түскен шешімдердің бұзылып жатқаны шамалы. Уақытында аудандық соттардың өздерінің тәжірибелері қалыптасқан, соған байланысты бізге қиындығы жоқ. Негізі заңның өзінде нақты шешім бар.»

Жаңа еңбек кодексіне сай үкімет жұмыс берушінің қызметші қабылдауына немесе жұмыстан босатуына, қажеттілік бойынша кадрлық өзгерістер жасауына және еңбекақы тағайындауына еркіндік береді. Мемлекет тек бұл істің ашық, әділ жүруін ғана қадағалайды.

Заң жобасын талқылау барысында еңбек шарттарын түзу, оны қарапайым жұмысшыға түсіндіру қоғамдық және кәсіподақ ұйымдарынан қатысқан жауаптыларға міндеттелді. Ал заңды белінен басып, еш келісімсіз еңбек күшін жалдаған жұмыс берушіге 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылады. Бір сөзбен айтқанда, заң шеңберінде жұмыс істеу әр азаматқа тиімді.