Тұран шағынауданындағы алғашқы баспаналар 2006 жылы салынған. Содан бері тура 10 жыл өтті. Осы уақыт аралығында мұнда ешқандай инфрақұрылым тартылмаған.
Тұрғындар жыл сайын қала әкімінің жылдық есебіне келіп, жәрдем сұрайды. Ел қатарлы жол салынып, таза ауызсумен қамтылсақ деген тілектерін жеткізеді. Кезінде Сайрам ауданынан жер телімін алған ағайын жергілікті биліктен бір ғана жауап алумен шектеліп келеді. Ол — коммуналдық жүйелер жоспарға сай салынады деген жауап.
Батпақты белшеден кешіп, тіршілік нәрін тасу тұрандықтар үшін үйреншікті жағдайға айналған. Оған жекеден алатын жарығы мен жүргізілмеген көгілдір отын жүйесін тағы қосыңыз. Бұл азапты ағайын 10 жылдан бері тартып келеді.
Шағынауданның жер телімдері 2006 жылы таратылған. Ол кезде Сайрам ауданының қарамағында болған екен. Сол жылдардағы Шымкент қаласының бас жоспарына енбей қалған. Араға 7 жыл салып, шаһардың жаңа жоспары жасалады, бұл жолы Тұран шағынауданы енгізіледі.
Жобаға сай, мұнда Шымкент-сити тұрғын үй және іскерлік орталық бас көтермек. Бұл жоба қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың 2016-2020 жылдарға арналған қаланың даму тұжырымдамасына сай жүргізіледі. Бірақ, шағынаудан тұрғындарының шыдамы таусылған, сондықтан инфрақұрылымның ертерек тартылғанын қалайды.
Тұрандықтардың өтініштерін тапжылмай тыңдаған қала басшысы жоқ демеді. Бірақ, барлығы бірден болмайтынын жасырмады. Кезең-кезеңімен жүзеге асатынынын ескертіп, тұрғындардың да кінәсі барын айтты.
Жергілікті билік жобаны жүзеге асырғанша халық өз қамын жасай тұруға мәжбүр. Онсыз да электр жарығын жақын маңдағы жанармай құю бекетінен тартып, ауыз суды әр жетісіне 3 000 теңгеге сатып алып отыр.
Нұрлан Жаңабай