Тәнкеевтің соты: жәбірленушілер өздеріне қысым жасалғанын айтты

259
Видеодан скриншот
Видеодан скриншот

Мұрат Тәнкеевтің туыстары жәбірленушілердің үйіне келіп, сес көрсеткен. Жол апатын жасап, 4 адамның өмірін жалмады деп айыпталушы ретінде отырған жігіттің жақындары осындай әрекетке барды дейді Дауылбаевтар отбасы. Жәбірленуші тараптың қорғаушысы бұл туралы шағым түсіруді әзірге тоқтатып тұр. Олар алдымен апатқа қатысты сот үкімін күтіп отыр.

Қорғаушының сөзінше, осыдан бірер апта бұрын Ғани Дауылбаевтың жары үйінде жалғыз болған кезде Тәнкеевтің анасы мен тағы бір әйел кісі пәтер есігін қағыпты. Сескенген ол есікті ашпаған. Ашуға берілген Тәнкеевтің анасы баламды кешірмесеңдер Алланың алдында сендер кінәлі боласыңдар деп кеткен екен. Жәбірленуші азаматша сол сәтті бейнекамераға жазып алған.

Видеодан скриншот
Видеодан скриншот

Қорғаушысы Ғани Дауылбаевтың жұбайы бұл жағдайды айғақтық зат ретінде сақтап отырғанын жеткізді. Соттың үкімінен кейін осы дерекке ораламыз дейді.

Шымкенттегі Әл Фараби аудандық сотында істі қарау одан әрі жалғасты. Төрағалық етуші судья үкім шығарылатын кезде БАҚ өкілдерін қатыстырамыз деп отыр. Еске салайық, Тәнкеевтің қорғаушысы отырысты бейнекамераға түсіруге қарсылық білдірген болатын. Жол-көлік оқиғасын жасап, 4 адамның өмірін қиған жүргізушіге қатысты қандай үкім шығарылатыны әзірге белгісіз.

Ернар Балабеков