Өзбекстан Мақтааралда қуаңшылық болмайды деп уәде берді

365
Дихандар

Сырдарияның сағасындағы шаруалар биыл судан қиыншылық көрмейді. Өзбекстан тарапы керек көлемде су жіберуге уәде беріп отыр. Бұл туралы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 15-отырысында мәлім болды.

ДихандарҚос тарап алыс-беріс пен барыс-келістің жайын талқылады. Былтыр жаһанды дендеген дағдарыстың салдарынан екі ел арасындағы сауда айналымы 13%-ға құлдыраған. Алдағы уақытта осы көрсеткішті кемітпеудің жайы бүгінгі жиынға өзек болды.

Бұған дейін мақтааралдық мамандар биыл қуаңшылық болуы мүмкін деп қауіптенген болатын. Егін науқаны қыза бастағанда Достық каналындағы су деңгейі едәуір азайып, тапшылық туындайтыны туралы дабыл да қақты.

Қырғызстанның Тоқтағұл су қоймасынан бастау алып, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттері арқылы Қазақстанға келетін судың мөлшері тиісті деңгейінен төмендеп кеткен еді. Қазіргі таңда Достық каналымен секундына 13 мың текше метр су ағып жатыр.

Мамандардың есебінше, секундына 48 мың текше метр су аққанда ғана өңірдегі суармалы жерлерді толықтай тіршілік нәрімен қамтуға болады. Құрғақшылықтан қауіптенген құзырлылар қазір берісі облыс әкіміне, арысы ауыл шаруашылығы министріне хат жазып, ақыры келісімге келді.