«Таза қала» байқауы

Жылдағы дәстүрге сәйкес, тұрақты түрде өтіп келе жатқан «Таза қала» акциясы Шымкентте биыл да ұйымдастырылады. Конкурстың жалпы жүлде қоры 4 миллион теңгені құрайды. Бұл жайында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы және «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбек брифингте мәлім етті.

«Таза қала» байқауы

Қала әкімдігі мен «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығы жариялаған «Таза қала» акциясына қала аумағында орналасқан үйлердің төрайымдары мен көше атынан көше комитетінің төрағалары қатыса алады. Биыл «Таза қала» акциясы төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Байқауға қатысушылардың өтініштері 20 сәуірге дейін қабылданады. Қаржы қалалық бюджеттен бөлінген.

– Акцияның мақсаты – Шымкент қаласының тұрғындарын тазалық сақтауға үндеу. Көшелерді, көп қабатты үйлердің аула аумақтарын көріктендіру, көгалдандыру, санитарлық жағдайына көңіл бөлу және абаттандыруға тұрғындарды кеңінен тарту, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы. – Акцияның мақсат-міндеттері жөнінде тұрғындарға арнайы парақшалар таратылып, толық мәліметтер берілетін болады. Биылғы акцияның өзіндік бір ерекшелігі сол – үздік деп танылған мектеп оқушылары мен жергілікті полиция қызметкерлері де жекелей номинация бойынша марапатқа ие болмақ. Ең бастысы, акция ашық, әрі әділ өтеді.

Ал «ОҚО Азаматтық Альянсы» қауымдастығының президенті Ш. Жамалбек парақшалар барлық тұрғын үйлерге ілінетінін, онда акцияға қатысты мәліметтер толық қамтылғанын атап өтті. Ол үшін жалпы саны 13 адамнан тұратын арнайы комиссия да құрылған. Жұмысшы топ әр 15 күн сайын сараптама жасап отырмақ.

Акцияның өткізілетін мерзімі – 2016 жылғы 20 сәуір-20 қыркүйек айларының аралығы. Жеңімпаздар қазан айының бірінші онкүндігінде анықталып, қала күніне орай әр ауданнан І, ІІ, ІІІ орын алғандар ақшалай сыйлықтармен және қала әкімінің дипломдарымен марапатталады.

Жиынға қатысушылар акцияның мән-маңызын көпшілік арасында кеңінен насихаттау мақсатында Шымкент қаласы тұрғындарына арнап үндеу жариялады.