Ақтөбеге тарту. Күнгейлік диқандардың алғашқы өнімдері тиелген керуен Ақтөбеге жол тартты. 175 тонна ауыл шаруашылығы өнімі артылған керуен 26-27 наурыз күні діттеген жеріне жетіп, жәрмеңкеге қатысады деп күтілуде.
Керуен көшіне тартылған ауыр жүк көліктеріне 32 тонна ет, 5 тонна қымыран, 76 тонна көкөніс, 19 тонна жеміс, 14 тонна картоп, 9 тонна сүт өнімдері тиілген. Жалпы құны 83 миллион теңгеден астам қаржыны құрайтын өнімдер нарықтағы бағадан 10-15 пайызға арзан сатылады.
Аграрлардың айтуынша, күнгей — ауыл шаруашылығы өнімдерінің кіндігі. Өңір бойынша 45 ет, 38 сүт, 35 жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорыны жұмыс істейді. Облыс халқының қажеттілігінен артық өнім өндіріліп, республикамыздың солтүстік өңірлері мен ТМД елдеріне, сонымен қатар алыс-жақын шетелдерге экспортқа шығарылуда.
Тұрғанбек Оспанов, ОҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары: «Мұндай жәрмеңкелерге облысқа қарасты барлық аудан-қала әкімдіктері атсалысады. Мысалы, Ордабасының құс еті мен жұмыртқасы, Қазығұрттың еті, Отырардың қымыраны жәрмеңкенің сәнін кіргізеді. Тауар өндірушілер жеңілдетілген жәрмеңкеден қашпайды. Қайта, тонналап өнімдерін ұсынуда.»
Өткен жылы күнгейлік диқандардың өнімі Алматы және Астана қалаларында сатылған. Ауыл шаруашылығы өнімін саудалаған 195 жәрмеңке өтіп, 6 567 тонна жеміс жидек пен көкөніс сатылған.