Шымкент: Көрме орталығындағы жәрмеңкеде картоп – 150 теңгеден сатылуда

340

Шымкент -республикалық қала мәртебесіне ие болғанына 19 маусымда 3 жыл толады. Қала күніне орай «Көрме» орталығында ауыл-шаруашылығы өнімдері, отандық және шетелдік тауар өндірушілерінің тұрмыстық заттарының жәрмеңкесі өтуде.

Ұйымдастырушылар 16-18 маусым аралығында жалғасатын шараға тұрғылықты халықты, қала тұрғындарын шақырады. Ет, шұжық, көкөніс, жеміс жидек, базардағы бағадан 10 пайыз төмен. Арзан бағадағы кілемдерді сенбі және жексенбі күндері көрмеде сатып алуға мүмкіндіктеріңіз бар.

Сайрам ауданының диқандары жәрмеңкеге биылғы өнім – балғын көкөніс, жемістерін жеткізіпті.

«5 жарым гектар жеріміз бар. Жәрмеңкеге болгар  бұрышы, алма, картоп пияз алып келдік. Жәрмеңке бізге де тұрғындарға да жақсы ғой», – дейді Сайрам ауданы Көлкент ауылының шаруасы  Досмұрат Ешанқұлов.

Балғын пияздың келісі – 100, картоп – 150 теңге, баялды -350, алма – 500 теңгеден сатылуда. «Таскен» тұрғын алабының тұрғыны Гүлжамал Исаева «базарға бармай бір жерден барлығын сатып алдым»,- дейді.

Түлкібас ауданының жеке кәсіпкері сиыр етін – 2050 теңгеден саудалауда. Көрші сауда қатарында ет өнімдері – шұжықтың түр-түрі сатылуда. Қарасу ауылының шаруа қожалығы қаладағы ұйымдастырылатын жәрмеңкелерден шет қалмаған.

Төребек Иманбердиев, шаруа қожалығының өкілі: «Отандық өнімді сатып алсаңыздар, сонда біз өндірісімізді кеңейтеміз, өнім де көп болады, баға да түседі. Шетелдің емес өзіміздің бюджетімізді толықтырайық, ағайын».

Жәрмекеде ауыл шаруашылығы өнімдерінен бөлек киім, тұрмысқа қажетті заттар да бар. Бір қуантарлық жәйт, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері жоғары сұранысқа ие.  Сан алуан түрлі кілемдер көздің жауын алады.Ғибадат Нажмеденов, Көрме орталығы директорының орынбасары: «Қала күні мейрамы қарсаңында 16-18 маусым аралығында жәрмеңке өтеді. Кілем жәрмеңкесі сенбі мен жексенбі күндері жалғасады. Келіңіздер».

Шынар Оразова