«Мәңгілік ел» идеясын насихаттау мақсатында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Мәңгілік ел» пойызы 14 наурыз күні таңғы сағат 09:20-да Шымкентке аялдады. Түрлі сала мамандарымен қатар елімізге танымал қайраткерлер мен әнші-бишілер тобын облыс орталығының тұрғындары жылы күтіп алды. Олардың арасында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та бар.

"Мәңгілік ел" пойызы

Пойыз құрамында дәрігерлер, сарапшылар, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, заңгерлер бар. Іс- шара 18 наурызға дейін жалғасады. Пойыз сапар барысында 33 елдімекенді қамтиды. Күні бүгінге дейін олар екі апта уақыттарын жолда өткізіп, 19 мың адамды қабылдаған.

"Мәңгілік ел" пойызы

«Мәңгілік ел» пойызымен келген мамандардан кеңес алуыңызға болады. Әлеуметтік мәселелер бойынша сауалға жауап Шымкент қаласы, Желтоқсан көшесіндегі №20 үйде беріледі. Құжаттарды тіркету төңірегінде сұрақтарға қатысты қабылдау Қазыбек би көшесі, №5 үйде өтіп жатыр. Ал медициналық кеңес беру шарасы Байтұрсынов көшесі, №68 «А» үйде өтеді. Мүмкіндікті пайдаланып қалыңыз.

"Мәңгілік ел" пойызы

Облыстық əкімдікте «Мәңгілік ел» пойызы» жалпы республикалық акциясының мақсатын түсіндіру үшін брифинг өтті. Штаб басшысы Əлпейісов Əміржан Қайырўлы өзі бастаған топқа жүктелген міндетіне толығырақ тоқталды. Ал денсаулық сақтау және əлеуметтік даму министрлігінің басқарма басшысы, үйлестіруші дəрігер Қыдырбаев Нұрлан Икрамұлы өз саласы бойынша тілшілерге тереңірек ақпарат берді.

Айта кету керек, 12 облысты аралап келген пойыздағы мамандар 39 мың халықты қабылдапты. Оның 12 мыңына медициналық кеңестер берілген. 33 аялдамадан өтіп, Батыс пен Оңтүстік өңірлерін түгел қамтыған мамандар енді соңғы нүкте – Алматы қаласында акцияны аяқтайды.

Қазақстан халқы ассамблесының мүшелері ұлысаралық келісім жөнінде консультация берді. Облыстық қоғамдық келісім үйіне келген қонақтар мемлекеттік этносаясат, қоғамдық келісімді қалыптастыру, төзімділік және этносаралық қатынастар мәдениеті мәселелері бойынша семинар-тренинг өткізді. Бағдарламаға сәйкес өзге өңірлердегі қоғамдық келісім кеңесінің өкілдері «Қазақстан – Ұлы дала елі» фото көрмесін тамашалап, күнгейде атқарылып жатқан шараларға оң бағасын берді.

Айта кетейік, «Мәңгілік ел» пойызы күні кеше Түркістанға табан тіреген еді. Шаһар жұрты бүкіл республиканы шарлап, сапарлап келе жатқан өкілдерді құшақ жая қарсы алды. Алдымен кішігірім жиын ұйымдастырылып, елді-мекен жайында, тұрмысы хақында ақпар берілді. Іле мінберге пойыздың штаб жетекшісі шығып, бұқара жұртқа сапардың мұратын түсіндірді.

Содан соң білікті мамандар халықты қабылдады. Мәселен, бір топ заңгер жаңадан қабылданып жатқан заңнамаларды түсіндірді. Жұмысшылардың қандай құқықтары, нендей міндеттері барын айтып берді. Ал әділет министрлігінің өкілдері жылжымайтын мүліктерді тіркеуге қатысты құжаттар тізімін жасақтауға көмек берді.