Тарихымызда тұңғыш рет тойланған датаны Оңтүстік жұрты да атап өтті. Нұрсәт шағынауданындағы әкімшілік іскерлік-орталығының алаңында этно-бірлестіктер дастархан жайып, жиналған жұртқа ұлттық тағамдарынан дәм ауыз тигізді. «Қазақ еліне мың алғыс» атты салтанатты шарада атаулы датаның мән-мағынасына кеңірек тоқталды.
Сары қымыз сапырып, көне әнін көмейінде сақтап жүрген әжелермен әкім де бірге «әу» деді. Ұлттық көрменің көркімен танысқан басшы «Ынтымақ» этно-мәдени орталығының дастарханынан дәм татты. Халық әнін бірге шырқап болып, бір-біріне алғысын жаудырды.
Этно-көрмеге облыстағы 20 мәдени орталық өкілдері атсалысыпты. Олардың әрқайсы ұлттық киімі мен дәстүрлі дастарханын арқалай келген. Бұған қарап, тағам тарту фестивалі екен деп ойлап қалу да ғажап емес. Дегенмен, көтеріңкі көңіл күй мен қарша жауған алғыстан атаулы датаның мағынасын түсіну қиынға соқпайды.
Осылайша этно-көрмедегі шара ұлыстардың ұлттық биіне ұласты. Славян, шешен-ингуш, грузин сияқты халықтар өз өнерлерін ортаға салды. Ал өзбек этно-мәдени орталығы әуезді сазбен сый жасады.
«Ғунча» ансамблі «Анашым» әнін шырқады. Қайрат Жұмағалиев пен Марат Омаровтың тың туындысын арнайы алғыс айту күнінде ойнап беруді мақсат еткен. Адамзат ең бірінші анасына тағзым етуі тиіс. Одан соң туған жері, өскен елі мен байтақ беліне рахметін аямауы тиіс дейді ансамбль жетекшісі.
Бұдан соң негізгі шара Түркістан сарайында жалғасты. Мұнда этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері «Қазақ еліне мың алғыс!» атты театрландырылған қойылымын қойды.
Бүгінгі мерекенің негізгі мәні де осында болып тұр. Сонау Сталиндік зұлмат заманда қазақ даласына қаншама ұлыс өкілдері күштеп жер аударылып, осында қоныстандырылды. Олардың жалпы саны 6 млн адамнан асып жығылады екен. Қиын-қыстау кезеңде кең пейілдік танытқан халқымыз ешқайсын жатсынбай, баршасын бауырына басты. Содан бері көп ұлтты елге айналдық. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен соң дәл осы күні, яғни, 1 наурызда Қазақстан халқының ассамблясы құрылды. Бұл датаға да 21 жыл болыпты. Енді егемендігіміздің 25 жылдығында тарихымызда тұғыш рет алғыс айту күнін атап өтуді қолға алдық.
Осылайша талайлардың тағдырын тоғыстырған Қазақстанда көп этносты халықтың ортақ тарихын құрметтеп, күрделі кезеңде қиындыққа қарсы иық тіресе күресіп, бірлестік пен үндестікті үлгі еткен дата бұл. Осындай өнегесі мол мерекеде өзгелер де өнерін аяп қалмады. Ұлт пен ұлыстарды бір шаңырақ астында ұйыстырған қазақ елі мен жеріне мың алғыс айтып, тарқасты қалың қауым.
Ал жастар тәуелсіздік саябағында бас қосып, «Алғыс айтамын» тақырыбында акция өткізді. Белсенділер алдымен елдегі тыныштық пен берекені ту еткен Елбасыға алғысын білдірді. Жастар ән салып, би билеп, мерекелік концерттің ажарын ашты. Көктемнің алғашқы күні ағайынның көңіліне шуақ орнатқан мерекені жақсылықтың ұйытқысына балады.
Бұл жаңа мерекені нақ бүгін тойлаудың өзіндік мәні бар. Дәл осы күні Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған болатын. Елбасы бұл дата қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени сан-алуандығымыздың жарқын дәлелі болады деп сенеді. Жалпы алғыс айту, қайырымдылық істер бір күнмен шектелмейді, береке мен бірлік айы Наурызда да жалғасын таба береді.
Мақсат Жақсыбаев