Қазақтың тарихын төрткүл дүниеге шымкенттіктер таныстырады. Анығырақ айтсақ, қаламыздағы «Сақ» киностудиясы тұңғыш «Қазақ елі» атты анимациялық фильмді жасап, премьерасын өткізді. Толықметражды туындыда елдің тарихы, Барақ ханның билік құрған дәйірі мен оның ажал құшуы баяндалады.
Керей мен Жәнібектің балалық шағы, елдегі ауыр жағдайға қарсы тұруы да көрініс тапқан. Оларға қарт батырдың қылышты, қолбасшылықты меңгертуі жолы да туындыға еніп отыр. Шығармашылық топтың айтуынша, аталған оқиғалар көпшілікке жай емес, жаңа жүйе бойынша ұсынылды.
Нұриддин Паттеев, «Сақ» киностудиясының директоры: «Кейіпкерлердің қимылдары 2D үлгісінде жасалды. Ал ондағы көріністер мен артқы фондары 3D әдісін арқылы дайындалды. Мұндағы әдемі болып көрінетін Отырар және өзге де көне қалалар анық әрі бейнесі таза болуы үшін заманауи тәсілдермен әзірленді, тарихқа жүгіну бойынша ерекше дайындалды дей аламын. Ғылыми кеңесшілерден Жамбыл Артықбаев ағамыз тарихи тұрғыда кейіпкерлердің сөзін қадағаласа, қаламгер Дулат Исабеков сөздердің көркемдік жағы — сол заманғы қолданыстағы ұғымдардың байланысын жасады. Жақында ғана Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақ елі» фильмін көріп, жақсы бағасын берді. Қуанып отырмыз. Ал кейіпкерлерді дыбыстауға біз Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың әртістерін шақырдық. Туындыдағы «Қарақшы» мен өзге де әндерді Нұржан Төлендиев және Нұрлан Абдуллин, Сәкен Майғазиев сынды белгілі әншілер орындайды.»
Басты кейіпкерлердің Отырар қаласына барып білім алуы да туындыға еніп отыр. Бір сағаттық мультхикикая жасау үшін жергілікті «Сақ» киностудиясы 1 жыл уақытын жұмсаған және оған 70 аниматор маман жұмылдырылыпты.
Айта өтетін ақпар, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген анимациялық фильмге қазынадан 1 миллион АҚШ доллары жұмсалыпты. Енді тарихи фильм мамыр айының 19-жұлдызынан бастап еліміздегі барлық кинотеатрлары арқылы көрермен назарына ұсынылады деп күтілуде.